10 ноября 2023


«ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ» БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР

С. Аманжолов атындағы ШҚУ базасында 9 жастан 15 жасқа дейінгі оқушылар арасында «Тоғызқұмалақ» зияткерлік ойынынан республикалық турнир өтті. Еліміздің шығысындағы алғашқы ауқымды турнирге Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Қызылорда облыстарының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, Ұлан және Тарбағатай аудандары мен Қостанай қаласының ойыншылары қатысты. Қатысушылардың жалпы саны – 120 адам. Турнирдің құрметті қонағы педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Білім саласындағы ЮНЕСКО және ICESCO істері жөніндегі Қазақстан Ұлттық комиссиясының сарапшысы, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі ұлттық комитеттің мүшесі, «Molodium» халықаралық білім беру орталығының директоры, Алматы қаласы Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Шахгулари Василий Вачикович болды.
Айта кетейік, шара С. Аманжоловтың 120 жылдығына арналды. Ол да бекер емес, 1936 жылы Орта Азияда алғаш рет Сәрсен Аманжолов «Тоғызқұмалақ» кітабын басып шығарған еді. Еңбектің құндылығы ойынды тіл білімі мен этнография тұрғысынан терең зерттеуде жатыр.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі күндік турнир швейцар жүйесі бойынша өткізіліп, жеті турдан тұрды. Оқушылардың әр ойыны 20 минутқа созылды, ал блиц ойыны жеті минут.
Ойын соңында қазылар алқасы 24 жүлдегерді іріктеп алды. Жеңімпаздарға берілетін медальдар ҚР Ұлттық банкінің Қазақстандық монета сарайында турнир жеңімпаздары үшін деп арнайы тапсырыспен жасалған. Сонымен қатар, оқушыларға бірінші орын үшін — 30 мың теңге, екінші орын үшін — 20 мың теңге, үшінші орынға — 10 мың теңге ақшалай сертификаттар табысталды.