24 ноября 2023
«С. АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА ІРГЕЛІ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ ҒЫЛЫМ ҚАРЫШТАП ДАМУДА». ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ШҚУ-ҒА АРНАЙЫ КЕЛДІ
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға келіп, оқу орынының ғылыми қызметімен танысты. Жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының әкіміне коммерцияландыру кеңсесі таныстырылды. Сондай-ақ STARTUP академия, STEM-орталық, «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығы және Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана қызметі көрсетілді.
ЖОО қонақтарын басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген, стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Ирина Ровнякова, сондай-ақ университеттің ғылыми ұжымы қарсы алды.
Кездесу кезінде Ермек Беделбайұлы университеттің материалдық-техникалық жарақтандырылуына бағасын берді. Мәселен, «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығы машина жасау бұйымдарының үйкеліс қабаттарының тозуға төзімділігін арттыру үшін қорғаныс жабындарын берік етуде ресурс үнемдеу әдістері негізінде инновациялық технологияларды әзірлеуге бағытталған. Ал, Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі, химия және қайта өңдеу өнеркәсібі үшін инновациялық технологияларды әзірлеумен айналысады.
Ермек Көшербаев жалпы сомасы 438 400 000 теңгені құрайтын екі коммерцияландырылған жобаға ерекше назар аударды.
Бірінші жоба – «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттер орталығы». Жоба ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтудың және дамытудың жаңа техникалық құралдарын әзірлеуге қатысты қолданбалылығы тұрғысынан маңызды.
Жоба шеңберіне ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту және әлеуметтендіру бойынша білім беру және консультациялық қызметтер, авторлық әдістемелік құралдар, психолог-дефектологтың кәсіби үстелі, вертикализатор, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған парта кіреді.
Екінші жоба – «Су нысандарын тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру». Бұл жоба әлемдік проблема – тұщы судың төмен сапасы тақырыбында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2050 жылға қарай Қазақстан су тапшылығы бар елдер санатына кіреді. Қазірдің өзінде елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға мұқтаж.
Өзекті мәселе бойынша зерттеу жасай отырып, университет ғалымдары екі жыл ішінде белгілі бір ластаушы заттар үшін мақсатты материалдар-сорбенттер өндірісін жолға қоюға ниетті. Жоба нәтижесі кәсіпорындардың нақты кейстеріне немесе тұрмыстық ортаға бейімделуі мүмкін.
Экскурсия барысында Ермек Беделбайұлы ЖОО-да болашақ ғалымдардың ғылыми зерттеулері үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Жас зерттеуші Нина Журавлёва өңір басшысына «Спирулин платенсис көк-жасыл балдырларын картоп тамырына су жіберу және тамшылатып суару кезінде биотыңайтқыш ретінде қолдану» жобасын таныстырды. Жоба авторының айтуынша, фенологиялық бақылаулар негізінде оң реакция байқалды. Айта кетерлігі қажетті спирулина үй жағдайында өсірілген.
Қорытындылай келе, Ермек Көшербаев университеттің қазақстандық ғылымның ілгерілеуіне қосқан зор үлесін атап өтті.
— Бүгін мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті — іргелі және қолданбалы ғылымды дамытушы орынға айналғанына нақты көзім жетті. Мұнда өңірдің және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосатын перспективалы ғылыми жобалар іске асырылуда, — деді әкім.