8 Желтоқсан 2023


СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АУҚЫМДЫ ФОРУМ ӨТТІ

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында ШҚУ-да «Жастар – елдің тірегі, үкілі үміті» атты тақырыптық форум өтті. Форумның мақсаты – сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру. Шара ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті және «Тәуелсіз зерттеулер орталығы» ҚБ-мен бірлесіп ұйымдастырылды.


Форум аясында «Менің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сөзім» студенттер байқауының қорытынды кезеңі аяқталды. Байқау биыл қараша айында басталған. 10 студент сахнада сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат пен мәдениет тақырыбын қаузай отыра, шешендік қырларын ортаға салды. Білім алушылар 100 000 теңге, 70 000 теңге және 50 000 теңге көлемінде белгіленген ақшалай сыйлықтар мен жүлделі орындар үшін сайысты.
Әділқазылар алқасын бастаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ШҚО бойынша Департаментінің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев болды. Оның жанында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ШҚО филиалының басшысы Әділ Пшенов және университеттің қауымдастырылған профессорлары Сәкен Хасенов, Сәуле Садықова, Жанна Садықанова.
Барлық қатысушылар мемлекеттік маңызды тақырыпқа жастардың назарын аударта отырып, жемқорлыққа қарсы саясатқа деген өз көзқарастары туралы қысқа, бірақ ауқымды мәліметтерін дайындаған.


Қазылар алқасының қорытындысы бойынша ең үздік спикер Бизнес және құқық жоғары мектебінің студенті Жігер Сәрсенбай атанды. Ол өзін-өзі сенімді ұстап, нақты дәлелдер мен дәйектер келтіре алды.


– Бірнеше жылдан бері дебат клубының мүшесімін. Көпшілік алдында сөйлеу тәжірибем бар. Маған сенімділк берген де сол деп ойлаймын. Жеңіске жеткеніме, ақшалай сыйақы алғаныма қуаныштымын. Осындай таным-тәрбиелік шара үшін ұйымдастырушыларға рахмет. Бәрі әділ, қызықты өтті, – дейді жеңімпаз.


Екінші орын және 70 000 теңге сертификатын Марина Мұқамет жеңіп алды. Жүлделі үшінші орын және 50 000 теңге Дильназ Қайырбекке бұйырды.
Барлық қатысушыларға белсенділік үшін алғысхаттармен мен бағалы сыйлықтар табысталды.