21 декабря 2023
Биология ғылымдарының кандидаты, тыл ардагері, еңбек ері Федотова Людмила Андреевна өмірден озды.
2023 жылдың 19 желтоқсанында 86 жасында биология ғылымдарының кандидаты, тыл ардагері, еңбек ері Федотова Людмила Андреевна өмірден озды.
Людмила Андреевна 1937 жылы 12 шілдеде Донецк облысы Артемовск қаласында (Украина) дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін (Алматы қ.) КСРО Ихтиологиялық комиссиясының жанынан ізденуші болып, ҚазМУ биология факультетінде тағылымдамадан өтті. Қазақ ихтиология ғылыми-зерттеу институтында 20 жыл жұмыс істеді. 1973 жылы Людмила Андреевна ҚазМУ-дың Ғылыми кеңесінде «Бұқтырма су қоймасындағы сазан қорларын ұтымды пайдалану жолдары мен биологиялық сипаттамасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Диссертацияда берілген ұсыныстар енгізіліп, 30 жыл ішінде құнды балық түрін тұрақты аулауға, ұстауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, балық шаруашылығы саласындағы Людмила Федотованың еңбегі ұшан-теңіз. Оның арқасында Шығыс Қазақстанның су айдындарында рипус пайда болды.
1970 жылдары Людмила Андреевна байқаудан сәтті өтіп Өскемен педагогикалық институтына орналасты. Университеттегі жұмыс өтілі 40 жыл, ал жалпы жұмыс өтілі 60 жыл болды. Ол қарапайым оқытушы болып бастап, кейін жаратылыстану-география факультеті деканының орынбасары, бастауышта оқыту теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры болды.
Людмила Андреевна өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік бағытында тәрбиелеуді өзіне басты міндет деп санады. Людмила Андреевна қызмет жолында әрқашан қол үшін созуға даяр жан еді. Жүрген ортасында кәсібилігімен, іскерлігімен, адалдығымен ерекшеленетін.
Людмила Андреевнаның тіпті өлең жазатын өнері бар еді. Қаншама жырын С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ға арнады. Ол 80-нен астам ғылыми және публицистикалық еңбектердің авторы.
Людмила Андреевна кәсіби педагогикалық жұмысында көптеген марапаттарға ие болды. Біздің есімізде Людмила Андреевна мәңгі жарқын, мейірімді, ерекше талантты болмысымен қалады.
Университет ұжымы педагогикалық әулеттің сара жолын жалғастырған қызы Тамара мен Ұлы Игорьге көңіл айтады. Марқұмның жаны пейіште шалқысын.