5 января 2024


ИННОВАЦИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН МАСШТАБТАУ БОЙЫНША ЖОО ОҚЫТУШЫЛАРЫН ОҚЫТУ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім Комитетімен бірлесіп «Орта білім беруді жаңғырту» жобасын іске асыру шеңберінде Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Республикасы Үкіметінің «ҚР педагогикалық әлеуетін күшейту» жобасы аясында әзірленген инновациялық білім беру бағдарламаларын масштабтау бойынша педагогикалық университеттер оқытушыларын оқытудың бірінші кезеңі басталды.

Іс-шараға С.Аманжолов атындағы ШҚУ мен Қазақстан-Американдық еркін университетінен 100  педагогикалық-оқытушылық құрам қатысты.

Өңірлік деңгейде оқытуды жүзеге асыру мақсатында 2023 жылғы желтоқсанда Дүниежүзілік Банктің орта білім беруді жаңғырту жобасы шеңберінде С. Аманжолов атындағы ШҚУ психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессорлары Ирина Мацкевич пен Светлана Стельмах Häme University of Applied Sciences Ltd кеңесшілері мен Nazarbayev University сарапшыларының арнайы тренерлік курстарынан өтті. Бүгінгі сессия барысында Ирина Мацкевич жұмыс жоспарымен таныстырып, on-line және off-line екі апталық оқытудың мақсаттарын анықтады. Шара аясында Светлана Стельмах ҚР-дағы педагогикалық білімнің жай-күйін қалай бағалайсыз, сапалы білім беру үшін қандай өзгерістер қажет деген сұрақтарды талқылау мақсатында пікірталас алаңын ұйымдастырды.

Екі апта көлемінде оқытушылар білім берудің заманауи трендтеріне, қолайлы білім беру ортасын құруға, студенттерге бағытталуға, бағалаудың заманауи әдістеріне, ақпараттық және цифрлық технологияларға, оқытудың белсенді әдістерін оқу үдерісінде қолдану технологияларына үйренетін болады.