29 Қаңтар 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ «TEDDY АU» ЖОБАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың студенті әлеуметтік жоба әзірледі. Жоба авторы ақпараттық жүйелер мамандығының 1-курс студенті Айғаным Ерболат.


Жас өнертапқыштың айтуынша, бұл жоба ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған робототехникалық жинақ. «Teddy au» білім беру мүмкіндіктерін ұсынып қана қоймай, сондай-ақ әлеуметтік дағдыларды да дамытады.


– Менің «Teddy au» жобасын дайындаудағы басты мақсатым – әрбір баланың әлеуетін ашу, – дейді жоба авторы Айғаным Ерболат.


Роботтың артықшылығы – блютуз қосымша арқылы істейді. Мұғалімге, ата-анаға және баланың өзіне арналған суреттермен көрсетілген нұсқаулық бар. Онда командалық блоктар нақты көрсетілген: алға, артқа, оңға, солға және би музыкасы. Осы би музыкасы басқаруға көмектеседі. Яғни, жұмыс кезінде балаға және ата-анаға осы боттың интерфейсі мен басқаруы қолжетімді болады.


Болашақта «Teddy Au» жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруде ғана емес, сондай-ақ олардың дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Айғаным «Teddy Au» жобасының инновациялық оқыту әдістерін ұсына отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үздік жетекші жобалардың бірі болатынына сенімді.


Айта кету керек, болашақта жоба робототехника саласында білімді ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастық, төзімділік және өзара түсіністік қабілеті бар жаңа буынды қалыптастыруда үлкен рөл атқаратыны анық.