30 января 2024


ПОРТРЕТТЕРДЕГІ СЫРЛЫ ӘЛЕМ

ЖОО-да дарынды, өнерлі студент көп. Оқу-білімде үздік, шығармашылыққа да бейім жастар біздің мақтанышымыз. Соның бірі «Кәсіптік оқыту, көркем еңбек және графика» мамандығының білім алушысы Альбина Әлібекова.

Альбинаның айтуынша, өнер көп уақытты қажет етсе де сабағына кедергі келтірмейді. Ол Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының және ЖОО ректоры ашқан Абай атындағы стипендияның иегері.

Жас суретші суретшілер династиясының бір мүшесі. Оның әкесі мен ағасы өңірге аса танымал қылқалам шеберлері. Әрқайсының өз жолы, стилі бар.

Мысалы, отбасылық көрме өткізсе, онда міндетті түрде Альбинаның графикалық туындылары назарға ұсынылады. Соның ішінде “Аққан жұлдыз”, “Ағартушылық”, “Бір тамшы жас” автопортреттерін көру мүмкіндігі болады.

– Мен кенепке акрил бояуларымен қыз-келіншектердің портреттерін салғанды ұнатамын. Әйелдердің талғампаздығы мен сұлулығынан шабыт аламын, – дейді Альбина. – Жанұям сурет салуға бейім болған соң, бала күнімнен мен де бейнелеу өнеріне бейіммін. Бірінші сыныпта республикалық сурет байқауына қатысып, компьютер ұтып алғаным есімде. Содан бері қолымнан қылқалам тастамадым.

Студент оқу мен сурет өнерінен бөлек ұлттық өнерге де епті. Дәстүрлі садақ атудан жарыстарға қатысып жүр. Бұл ұлттық спорттан бірнеше мәрте Абай облысында, Өскемен қаласында өткен турнирлерде жеңіс тұғырынан көрінген.

Альбинаның алар асуы әлі алда. Болашақта сүйікті хоббиін жақсы табыс көзіне айналдырмақ ниетте.