1 Ақпан 2024


ШҚУ-ДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖАҢА ДИРЕКТОРЫ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген ұжымға инновациялық даму және коммерцияландыру департаментінің жаңа директорын таныстырды. Жаңа директор болып PhD доктор, қауымдастырылған профессор Бауыржан Рахаділов тағайындалды.

Бауыржан Рахаділов 2009 жылы Шәкәрім атындағы СМУ-ды (Семей қ.) «Физика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың магистратурасын «Физика» мамандығы бойынша аяқтаған. 2014 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да PhD докторантураны тәмамдаған. 5 монография, 5 оқу құралы, 230 мақала және 30 авторлық куәлік жариялаған (h-индексі – 12) білікті маман. Еуропалық Одақ және ТМД елдерінің университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Бүгінге дейін С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры.

– Бауыржан Қорабайұлын бәрі жақсы таниды. Мықты ғалым, білімді оқытушы, – деп атап өтті ректор. – Оның алдына шешуді қажет ететін бірқатар міндеттерді қойдық. Бұл өндірістік кәсіпорындармен байланысты күшейту, жалпы университет құрылымы, гуманитарлық бағыт және басқа да салаларға байланысты.

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да тұрақты негізде бірқатар басым бағыттар бойынша ірі ғылыми зерттеулер жүргізілетінін айта кетейік. Оқу орыны ғалымдарының жобалары гранттық қаржыландыруға ұсынылып, ел экономикасында қолданылуда.