9 Ақпан 2024


ТӘРБИЕШІ – ЖАУАПТЫ МАМАНДЫҚ

«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының студенттері өндірістік тәжірибеде облыс орталығының балабақшаларында өз білімдерін жетілдіруде. Педагогикалық білім беру және менеджмент кафедрасының оқытушысы Қарғаш Атыманованың айтуынша, өндірістік практиканың мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиешісінің әдістемелік жұмысының негіздері бойынша дағдыларды, білімді игеру. 

Практика барысында студенттер мектепке дейінгі білім берудің тұжырымдамалық негіздері мен бағдарламаларын меңгереді. ЖОО-ны бітірген жас маман өз іскерлігін жұмыста жүзеге асыру үшін тек теориялық білім жеткіліксіз. Болашақ педагогтарға балабақша балаларымен өзара қарым-қатынас тәжірибесі қажет. Бұл мүмкіндікті студенттерге оқу практикасы береді.

Практиканттар қазірдің өзінде балалармен толыққанды тәрбие жұмыстарын жүргізеді, оны ойын форматында өткізеді. Әр баламен жақсы қарым-қатынас орната алады.

 – Тәрбиеші – мен мектеп қабырғасында-ақ таңдаған қызық әрі жауапты мамандық. Мұнда «Арай» балабақшасында университетте алған теориялық білімімізді іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алдық, – дейді 3 курс студенті Асима Ғабитова. №5 «Арай» балабақшасының директоры Венера Әубәкірова атап өткендей, балабақша көп жылдар бойы Аманжолов университетімен жақсы ынтымақтастықта. Өзара іс-қимылдың арқасында олар жоғары білікті кадрларды жұмысқа алуға мүмкіндік алады.