27 февраля 2024


ШҚУ РЕКТОРЫ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ ТРЕНДТЕР ТУРАЛЫ

Достар, жылдам өзгеріс үстіндегі қазіргі әлем жағдайында еңбек нарығы да өзгеріске бет алды. Кейбір жаңа мамандықтар пайда болып таныла бастаса, кейбіріне сұраныс төмендеп, өткен шақта қалып бара жатыр. Еңбек нарығынан әрдайым хабардар болу үшін мемлекет бірнеше жыл бұрын жаңа кәсіптердің Атласын енгізді.
Оны технологиялық прогресс пен әлеуметтік өзгерістер еңбек саласын үздіксіз өзгертетін бүгінгі әлемде табысқа жетуге ұмтылатындарға арналған нұсқаулық деуге болады.
Сонымен қатар, Атлас болашақ еңбек нарығының талаптарына бейімделген білім беру бағдарламаларын әзірлеуде маңызды рөл атқарады. Бұл инновациялық құралды оқу орындары атап айтқанда, С. Аманжолов атындағы ШҚУ негізге алады. Өзекті әрі қажет мамандарды даярлау стратегиясын құруда осы Атласқа сүйенеді. Егер болашақтың ең танымал құзыреттерін белгілейтін болсақ, онда бұл 5 алдыңғы тренд: роботтар мен ақылды жүйелерді енгізу, цифрландыру, шикізаттың табиғи қорларының сарқылуы, экологиялық нормалардың күшеюі және рециклингтің дамуы, халықтың тұтынушылық қалауының өзгеруі болып қарастырылады.
Жаңа кәсіптер атласының мазмұнды ақпаратына сүйене отырып, біздің ЖОО аймақ пен республикаға қажет жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуге тырысады. Мысалы, Шығыс үшін ең бірегей және маңызды білім беру бағдарламаларының бірі ол – «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» мамандығы. Біз білетіндей, ел Үкіметі күн тәртібіне сумен жабдықтау, су қауіпсіздігі, су ресурстарының ластануы және су объектілері флорасы мен фаунасының биоәртүрлілігінің төмендеуі мәселелерін шешу мәселесін қойды. Республика аумағының көп бөлігі шөлейт аймақ болғандықтан, осы саладағы болашақ мамандарды даярлау үлкен маңызға ие.
Жаңа ББ-ның негізгі мақсаты – су қауіпсіздігімен айналысуға, жаңа цифрлық технологияларды пайдалану арқылы су тұтыну жүйесін жаңғыртуға, ГИС-технологияларын интеграциялауға және химиялық талдаудың заманауи әдістерін жүзеге асыруға қабілетті білікті мамандарды оқытуда жатыр.
Педагогикада кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі де маңызды. Бұл әсіресе инклюзивті ортадағы педагогикаға қатысты, өйткені бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 160 000-ға жуық бала бар. Оның 10%-дан астамы Шығыс Қазақстан облысында.
Осы және басқа да ерекшеліктерді ескере отырып, ЖОО-да «Ерте кезеңде қолдау педагогы» және «Эргопедагог» инновациялық білім беру бағдарламаларын оқыту іске асырылуда.
Жаңа мамандар ЖОО-ны бітіргеннен кейін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, оңалту және медициналық орталықтарда, емханаларда және балалар үйлерінде жұмыс істей алады. Олардың еш кедергісіз жұмысқа орналасуларына сенімім зор.
Таяуда университетте «Мамандығым – Болашағым» жобасы іске қосылды. Негізгі мақсат – аймақтың еңбек нарығындағы өзгерістерін болжау және студенттерді ерте кәсіби бағдарлау. Бұл жобаны ШҚУ-да жүзеге асыру – үлкен өмірге аяқ басатын түлектерге қосымша қолдау көрсету саналады.
Жалпы, біздің өңір үшін тау-кен өнеркәсібі, көлік, білім беру, медицина және экология саласындағы мамандар әрқашан сұраныста болып қала береді. Болашақ ұрпақтың дамуы мен өсу жолында аймақта барлық мүмкіндіктер бар деп санаймын.