28 февраля 2024


«АЙБЫНДЫ ҚЫПШАҚ» АШЫҚ ОҚЫРМАН АЛАҢЫ ӨТТІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы мен Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Айбынды қыпшақ» ашық оқырман алаңы өтті.
Іс-шарада облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Жошы хан және оның ұлысы туралы кітаптар көрмесі өтіп, студенттермен еркін әңгіме өрбіді.


— Басты мақсат-студенттерге Жошы хан жайлы ақпарат бере отыра, Алтын Орда мемлекетінің саяси-экономикалық жағдайын, тарихи фактілерді қарастыру, — дейді ШҚО Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Әділ Әуезхан.


Сондай-ақ, іс-шарада «Тарих» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Әлішер Құмар «Жошы туралы дерек және аңыз», Сабыржан Саматұлы «Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі», Әйгерім Исатай «Алтын Орда кезеңіндегі қыпшақ даласындағы мәдени даму және діннің рөлі» тақырыбында баяндамалар оқыды.


— Тарих мамандығының студенттері үшін тарихи негізі бар дерекке толы шара болды. Көпшілік арасында Шыңғысхан, Жошының қайтыс болуы жайлы аңыз болған тарихи оқиғалар туралы ұйымдастырушылар айта өтті. Студент ретінде өзіме көптеген ақпарат алдым, — дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Әкімжан Әзімхан.


Ашық оқырман алаңынан бөлек ұйымдастырылған көрме жайлы кафедраның сениор-лекторы айта өтті.


— Облыстық кітапханамен ашық оқырман алаңынан бөлек, студенттерге таңсық біраз тың кітаптармен, ғылыми еңбектермен бүгін көрме ұйымдастырылды. Бұл шара арқылы студенттердің кітапқа, ғылыми еңбектерге деген қызығушылығын арттырғымыз келеді, — дейді Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының сениор-лекторы Құралай Жирендинова.


Ұйымдастырушылар атап өткендей, осы секілді ашық оқырман алаңының өткізілуінің студенттер үшін маңызы зор.