27 Наурыз 2024


ВЕНГРИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ БОЗАНБАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ БЕЛГІЛІ БҮРКІТШІЛЕР ОТБАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

    Қазақстандағы Венгрияның Төтенше және Өкілетті елшісі Рона Отто Иван, ҚР-дағы Венгрия Елшілігінің консулы Денге Анико және елші Рона Оттоның жұбайы Рона Наталья Ұлан ауданы Бозанбай ауылында тұратын әйгілі бүркітшілер отбасымен кездесті.
      Кездесу ШҚО әкімдігі мен Amanzholov University өкілдерінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды.
Ұлттық өнер жанашырлары, әйгілі саятшылар шаңырағы қонақтарды құрметпен қарсы алды. Қазақ салт-дәстүрінен көрініс көрсетіп, бүркітшіліктің сырымен бөлісті. Дәмді, ұлттық тағамдар қойылған дастарханмен де таңғалдырды. Венгрия елшілігінің өкілдері әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен де кездесті. Естеріңізге сала кетейік, оның отбасы Моңғолиядан тарихи Отанға оралып, қазір Бозанбай ауылында тұрып жатыр.
     – Саятшылармен алғаш тілдесуім. Дәстүрді насихаттау, осылай көшпенді елдің тұрмысының бір шетін болсын көру маған керемет сезім сыйлады. Мұндай кездесудің ұйымдастырылғаны жолымыздың болғаны деп есептеймін. Ұлттық өнерге деген құрмет тіпті таңғалдырады, – дейді Рона Отто.
   Шетелдік қонақтар кереге қанат бүркітті тамашалап, қолдарына ұстап көрді. Мергендіктерін сынап, садақ та атты. Саятшылар отбасы Жеті қазынаға кіретін бүркіт пен тазының ерекшеліктерін айтып, оларды бағып-қағу жайын да сөз етті.