4 апреля 2024


ШҚУ-ДА СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

Amanzholov University-де облыстық Халифа Алтай мешітімен бірлесе ұйымдастырылған мың жарым адамға арналған ауызашар өтті. Ауызашарға қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған барша жан жиналды. Жоғары колледеж оқытушылары мен студенттері аталған ауызашарға қатысты. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Ислам бейбітшілік пен адамгершілікті биік қойып, ізгілікті насихаттайды. Қоғамда Дінге деген құрмет пен сенімді арттыру өте маңызды. Басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлегеннің айтуынша, ауқымды ауызашар – университеттің айнымас дәстүріне айналғалы қашан. Оның мақсаты – жастар бойындағы имандылық пен рухани байлықты тереңдету.

– Қадірлі біздің білім алушылар, 2018 жылдан бері Халифа Алтай мешітінің өкілдерімен бірге дәстүрлі түрде ауызашар ұйымдастырып келеміз. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Мол сауапқа кенеліңіздер, – деп тілек білдірді оқу орыны ректоры.

Мұндай ауқымды шараны ұйымдастыру үшін бес қазан дәмді ыстық ас – палау дайындалды. Сонымен қатар, қонақтарға ыстық бауырсақ, көкөніс салаттары мен тәтті тағамдар ұсынылды. Дастархан басында жас ақын Аян Қалымбек домбырада әдемі арнау айтты.
Қатысқан студенттер жыл сайын өткізілетін ауызашар үшін ЖОО басшылығына алғыстарын білдірді.

– Шығыстағы іргелі университет діни дәстүрге берік екені қуантады. ЖОО басшылығына, профессор-оқытушылар құрамына және Мұхтар Әділбекұлына жеке рахмет айтқым келеді. Ораза қабыл болсын!, – деді Халифа Алтай мешітінің өкілі Берік Қадырұлы.

 

Қасиетті айда ораза ұстау – Құдай үшін жасаған киелі құлшылық. Мұсылмандар үшін қастерлі амал. Биыл Рамазан 30 күнге созылып, 9 сәуірде аяқталады. 10 сәуірде Ораза айт басталатынын айта кетейік.