18 Сәуір 2024


ДАЛА ШАХМАТЫ: СТУДЕНТТЕР ЛИГАСЫ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫН ҚАЛАЙ ЖАНДАНДЫРУДА

Студенттер лигасы тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан өтетін турнирлерді қайта бастады. Біріншілікке төрт команда қатысты. Атап айтқанда Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының студенттері. Айта кетейік, жарыс Amanzholov University қабырғасында өтіп жатыр. Олай болуы бекер емес, себебі қазақ ғалымы, лингвист Сәрсен Аманжолов 1936 жылы әдебиетте тоғызқұмалақ ойынының ережелері мен шарттарын алғаш рет сипаттап берген.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Семей медицина университетінің студенттері классикалық санаттағы интеллектуалды ойынды мықты бәсекелестікпен байқады.


– Жарыс басталды. Бірінші орынға ие болу – мақсат. Біздің команданың тоғызқұмалақты ойнап бастағанына көп болған жоқ, екі жылдай ғана уақыт болды. Дегенмен, жеңі еңбектенгендердікі. Сондықтан өз күшімізге, дайындығымызға сенеміз. Жалпы, біз отандық телеграм каналға тіркелгенбіз. Сол жерде біз басқа командалардың ойындарын қадағалап, олардың тактикасы туралы алдын-ала біліп отырамыз, – дейді команда көшбасшысы, медицина университетінің студенті Аружан Оралбекова.


Кезінде Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсариннің сүйікті ойыны болған тоғызқұмалақ бүгінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген. Шығыс дивизионына келсек, облыста тоғызқұмалақ кәсіби спорт түрі ретінде қарқынды дамып келеді.


– Мен осы спорт түрінен спорт шеберлігіне үміткермін. Ойын шынымен логикалық ойлауды, жылдам шешімді қажет етеді. Біздің команда өте мықты. Үздіктер іріктелген. Сондықтан жеңістен үміттіміз, – дейді Павлодар педагогикалық университетінің өкілі Жәнібек Арыстанбек.


– Ұлттық ойындар дәстүрлерге, рухани құндылықтарға деген құрметті қалыптастырады деп санаймын. Түрлі деңгейдегі турнирлер біздің облыста, жалпы елде жиі өткізіле бастағаны қуантады. Бүгін, жарыстан кейін біз Шығыс дивизионының құрамасына кіретін жеңімпаздарды таңдаймыз. Республикалық жарыстарда жеңіске жетеміз деп үміттенеміз, – деді жарыс төрешісі Назгүл Байгелдинова.


Әр топта бірінші орын алған ойыншылар дипломдармен және медальдармен марапатталады.