19 апреля 2024


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ БАРНАУЛДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

 Алтай мемлекеттік университетінде «Ресей Федерациясының Алтай өлкесі мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарының дамуындағы тыңның рөлі: тарих және қазіргі заман» атты жас ғалымдарға арналған дөңгелек үстел өтті. Ауқымды шараға С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері де қатысты.

Дөңгелек үстел Алтай мемлекеттік университетінің ректоры Сергей Бочаровтың құттықтау сөзімен басталды. Одан кейін Amanzholov University-дің «Тарих» білім беру бағдарламасының бес студенті өз баяндамаларын оқыды. Олар тың жерлерді игерудің тарихи тәжірибесінің және олардың өңірлердің қазіргі дамуына ықпалының маңызды рөлін атап өтті. Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша электронды материалдар жинағын шығару жоспарланды.

ШҚУ-дың екінші курс студенті Тимур Дюсеновтың айтуынша, сапардың айрықша оқиғасы осындай тарихи конференцияға қатысу болды. Студенттер үшін қызықты баяндамаларды тыңдау, тарихи мәселелерді талқылау және ғалымдар мен тарихшылармен пікір алмасу аса қызықты өтті.

—  Конференцияда мен «Қазақстандағы тың жерлерді игерудің әлеуметтік аспектілері: көші-қон, қауымдастықтарды қалыптастыру және мәдени өзгерістер» тақырыбында баяндама жасадым. Менің зерттеулерім мен талдауларым көптің назарын аударды. Көпшілік бұл маңызды тақырыпты талқылауда қызығушылық танытты, — дейді Тимур Дюсенов.

ШҚУ-дың үшінші курс студенті Амангелді Зерянханов атап өткендей, конференция өте жүйелі және нәтижелі өтті.

Сапар аясында білім алушылар Барнаул қаласының тарихи орындарына экскурсия жасады.