19 Сәуір 2024


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

    Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенттерімен кездесу өткізді. ЖОО-ның кәсіптік бағдар беру жұмысы аясындағы іс-шара ақпараттық-түсіндіру сипатында болды. Әрі университет түлектерін мемлекеттік қызметке жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталды. Кездесуге облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Серік Жеңісов те қатысты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы мемлекеттік қызмет еліміздің барлық азаматтары үшін қолжетімді екенін және мансап құру жолында жақсы бастама екенін атап өтті. Бұл ретте, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес, белгілі бір жағдайларды алмағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылатынын еске салды.

– Бастамашыл, креативті жастарды тарту біздің басым міндеттеріміздің бірі. Өйткені, мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік Жастар кадрлық резервінің форумында сөйлеген сөзінде сыни тұрғыдан ойлауға қабілетті, білімді, патриот азаматтар мемлекетті басқару ісіне белсенді қатысуы тиіс екенін айтқан болатын, – деді Нұрлан Еркебаев.

Кездесу спикерге сұрақтар қою арқылы еркін форматта өтті. Студенттер мемлекеттік қызметке орналасу тәртібіне қатысты, «Жас мемлекеттік қызметші мектебі-таланттар пулы», «Президенттік Жастар кадрлық резерві» және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқа да жастарға арналған жобаларына байланысты қызығушылық танытты.

Нұрлан Еркебаев сауалдарға толық жауап беріп, студенттердің тілектері мен пікірлері өте маңызды екенін атап өтті.

«Professional Upgrading» Мансап орталығының басшысы Жаннель Болатова атап өткендей, кәсіптік бағдар беру жұмыстары, соның ішінде Аманжолов университетін белсенді араластыру бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі.