22 апреля 2024


ШҚУ-ДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫ ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ

ЖОО-да кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Қызметкерлер мен студенттер «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысуда. Еске сала кетейік, халықтық шараны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған болатын.


Екі апта бойы әр сенбі сайын ШҚУ ұжымы мен білім алушылары университет аумағын ғана емес, оған іргелес аймақтарды да ретке келтіреді. Қолдарына саймандарын алған белсенділер Студенттер үйлері мен оқу ғимараттарының айналасын тазартады.


— Тазалық ең маңыздысы. Өзіміздің сүйікті университеттің тап-тұйнақтай болғаны керек. Арамшөптерді жұлып, көгалды ретке келтірдік, — дейді студент Темірлан Серіков.


— Мұндай шаралар жастарды еңбекке баулып, оны құрметтеуге тәрбиелейді. Біздің студенттердің жұмысқа қандай қызығушылықпен кіріскенін байқадым. Осындай белсенділік қуантпай қоймайды, — дейді Педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының сеньор-лекторы Гүлмира Мақшиева.


«Таза Қазақстан» интернет кеңістігінде нағыз трендке айналды. Экоакцияның көптеген қатысушылары өздерінің белсенділіктерін көрсетіп, қызықты фотосуреттер мен видеолар жүктеуде. ШҚУ өкілдері де шетте қалмады. Instagram әлеуметтік желісіндегі Жоғары мектептердің ресми парақшаларында оқытушылар мен студенттердің елдегі экологиялық мәдениеттің дамуына қалай қолдау көрсететінін көруге болады.