24 Сәуір 2024


SHAKHMARDAN YESSENOV FOUNDATION ӨКІЛДЕРІ ШҚУ-ҒА КЕЛДІ

 Shakhmardan Yessenov Foundation операциялық директоры Ирина Грищенко мен Қордың жоба менеджері Әйгерім Сұлтан С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да болды. Сапар бағдарламасының бірінші жартысы университеттің бас оқу ғимаратымен танысуға арналды. Қонақтар «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығына, университет кітапханасында болды. Ғылыми кітапхананың оқу залында сирек кездесетін кітаптар қорымен танысты.

Содан кейін ЖОО басшылығымен, жоғары мектеп декандарымен, құрылымдық бөлімше басшыларымен, жас ғалымдармен кездесу өтті. Кездесу аясында тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннетта Қалимолдина Есенов қорының өкілдерін Amanzholov University туралы толық ақпаратпен таныстырды. Ирина Грищенконың айтуынша, академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры (Shakhmardan Yessenov Foundation) 2013 жылы құрылған. Қор бүкіл әлемде қабылданған меценаттықтың үздік дәстүрлерін ұстанады және Қазақстандық ең дарынды жас студенттер мен ғалымдарға сапалы және бәсекеге қабілетті білім алуда және біліктілігін арттыруда көмек көрсетуді өз міндетіне алады.

– Біз С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да Қор бағдарламаларының қатысушылары ғана емес, жеңімпаздары болып табылатын көптеген жас ғалымдар мен зерттеушілер бар екенін жақсы білеміз. Олар жоғары деңгейде ғылыммен айналысуда. Ғылым өкілдері арасында ғылымды қазақ тілінде насихаттаумен белсенді айналысатын жандар да мол, – дейді Ирина Грищенко.