26 апреля 2024


СТУДЕНТТЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУІ

  Университетте IT және жаратылыстану ғылымдары Жоғары мектебінің 4-курс студенттері өңірдің мемлекеттік органдарының өкілдерімен кездесті.

Іс-шараның мақсаты — ЖОО түлектеріне мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін түсіндіру және көмек көрсету.

Кездесуді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев, ШҚО бойынша Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Диляра Жанчуринова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин мен ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Рауан Тұрысбек өткізді.

Нұрлан Еркебаев атап өткендей, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа тәсілдер әзірлеп, мемлекеттік қызметке кіру рәсімін оңайлатты. Оның айтуынша, бұл шаралар білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, іріктеудің белгілі бір әдістері бар. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке қабылдау байқау негізінде жүзеге асады.

– Біз мемлекеттік басқару жүйесіне жас, талантты түлектердің келуіне мүдделіміз. Сонымен қатар, дарынды жастарға президенттік Жастар кадрлық резервіне түсуге немесе басқа жастар жобаларына қатысуға әрдайым мүмкіндік бар.

Кездесудің екінші бөлімі әңгімелесу форматында өтті. Студенттер мемлекеттік органдардың өкілдеріне сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, студенттер Мемлекеттік қызметке кіру тәртібі туралы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жастар жобалары туралы, Мемлекеттік қызметке кіру кезінде байқау өткізу, бастапқы жұмыс тәжірибесін жинау туралы толығырақ айтып берулерін сұрады.