30 апреля 2024
ШҚУ-ДА ӨЛКЕТАНУ ОҚУЛАРЫ-2024 ӨТТІ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да “Тарих беттері: оқиғалар мен тағдырлар” атты VII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Мақсат — өлкетану жайлы білімді тереңдету.
Конференция өз бағдарламасында бірнеше бағытты қамтыды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан: зерттеу дереккөздері, тарихнамасы, әдістемесі мен тәжірибесі, ШҚО әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының өзекті мәселелері: тарих және қазіргі заман, ШҚО елді мекендерінің тарихы мен туған өлке тарихының белгісіз беттері сынды тақырыптар қарастырылды.
— Тарихсыз халық жоқ. Халықсыз тарих жоқ дегендей, бүгінгі конференцияның студенттер мен профессо-оқытушылар құрамы үшін маңызы зор. Өлкетану ғылымының дамуында алар орыны ерекше, — дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
ЖОО ректоры конференция барысында университет ұжымы мен конференция қатысушыларының бірқатарын марапаттады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д Задаш Оразғалиқызына, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, т.ғ.д Хангелді Әбжанға, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д Тілеукен Садықовқа “Абай Құнанбаев” төсбелгісі табысталды.
— Киелі Алтай жеріне келіп, осындай мәртебелі марапатты иелену мен үшін үлкен бедел. Өңірдегі өлкетану ғылымы дамып, ЖОО-ның тұғыры биік әрі қарай өркендеуіне тілектеспін, -дейді ЕҰУ профессоры Тілеукен Садықов.
Ал, қатысушылармен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министерлігінен “Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі басқарма мүшесі — ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Бауыржан Рахаділовпен Анатолий Чурсинге табысталды.
Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің алғыс хатымен «Дана бала» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының басшысы Әлима Алипова, қазақ орыс филологиясы және журналистика кафедрасының кафедра меңгерушісі Қарлығаш Барбосынова, Қарлығаш Қасентаева,Тілек Қуанышбаев, ШҚО облыстық мәслихатының алғыс хатымен Майра Шүршітбайқызы, Өскемен қалалық мәслихатының алғыс хатымен Индира Сакалбаева марапатталды.
Сонымен қатар, конференцияға Түркиядағы Стамбул Едитепе университетінің профессоры, философия докторы (PhD) Ахмет Ташағыл қатысып, өз алғы сөзінде өлкетану ғылымының маңызын атап өтті.
— Жылда өткізілетін бұл шара тарихшылар үшін өте маңызды. Сондай-ақ, танымал тарихшылар Хангелді Әбжан, Задаш Дүкенбаева, Тілеген Садықов келді, — дейді Қазақстан тарихы және әлеуметтік пәндер кафедрасының сеньор-лекторы Әсем Әубәкірова.
Айта кету керек, конференция дәстүрлі түрде жетінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.