6 мая 2024
Жеңіс жауынгерлері жадымызда
Қазіргі ұрпаққа соғыс жылдары қандай болғанын елестету өте қиын. Бақытымызға орай, бейбітшілік заманда өмірге келіп, соғыстың қасіретін тартпадық. Ұлы Отан соғысына қатысқандардың ерліктері туралы еш уақытта ұмытпаймыз, оларды ұлықтаймыз, келешек ұрпаққа насихаттаймыз.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында «Ұлы ерлікке мың тағзым» атауымен бірнеше іс-шара циклы ұйымдастырылды. Ерлік сағатына кіріспе ретінде ҰОС ардагерлеріне арналған кітап көрмесі, Ұлы Отан соғысына қатысқан, оқу орнымыздың ардагерлеріне арналған «Жеңіс жауынгерлері жадымызда» фотосурет көрмесі қойылды. Көрме барысында студенттерге ӨПИ-УКПИ директоры, ректоры қызметтерін атқарған Шестаков А.А., Ермолаев Л.А, Уалиев Ю.К, профессор-оқытушылық құрамда жұмыс жасаған Осьмаков А.А., Потапов А.В., Пашилов А.И, Петров А.И туралы ақпарат берілді.
Іс-шараның шарықтау шегі тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор-басқарма мүшесі Ж.А. Калимолдинаның дүниеге келгеніне 100 толған жеңіс жауынгерлер Ә.Молдағұлова, Р.Қошқарбаев, С.Нұрмағамбетов туралы тың деректерді жастарға әсерлі жеткізуі болды. Лекция барысында жауынгерлердің ерлігі, батылдығы, қызмет жолы, өткерген өмірлік қиыншылықтары айтылды.
Сонымен қатар, Қазақстан тарихы және әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының сениор-лекторы Жириндинова К.Р. тарих ақтаңдақтары, еленбей қалған соғыс ардагерлерінің ерліктері, қаһарман-батырлар туралы тың деректер келтіріп, саясатсыз обьективті түрде әлі де зерттеумен, талдауды талап ететін жағдаяттарға тоқтады.
Бастысы, Жеңіс жауынгерлері қашанда жадымызда, ешкімде ұмытылмайды, ешкімде ұмыт қалмайды.
Университет мұражайының меңгерушісі Аманжолова Назым