7 мая 2024


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ БАТЫР РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра студенттері Кеңес Одағының батыры, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Аталған шарада ШҚО әкімі Ермек Беделбайұлы Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, Сағадат Нұрмағамбетовтың көзсіз ерлігін атап өтті.
-Құрметті, қала тұрғындары мен қонақтары, сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір жолы барша қазақстандықтар үшін үлгі-өнеге. Біз батырлардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Елімізді қорғау — әрбір азаматтың парызы әрі міндеті,- деді облыс әкімі Ермек Көшербаев
ШҚУ ұжымы да батырды еске алып, гүл шоқтарын табыстады.
— Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған гүл шоқтарын табыстау шарасына әскери кафедра студенттері де белсене қатысты. Дәл осындай шараларға студент жастардың қатысуы әскери-патриоттық сезімге баулуда септігін тигізетіні анық,- деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Әскери кафедра студенттері батыр рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті.
— Осындай шараларға қатысу елжандылыққа, отансүйгіштікке шақырып қана қоймай, бойға ерекше мақтаныш сезімін оятады екен. Ұлтын сүйген батырдың ерлігі бізге үлгі, — деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Ерасыл Маратұлы.
Айта кету керек, Сағадат Нұрмағамбетов — армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, “Халық қаһарманы”. Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы. Ол 1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысы Ақкөл ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. 1942 жылы майданға аттанып, 1- Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты.