17 мая 2024
AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ТАНЫМАЛ АКТЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс және танымал театр және кино актері Шерхан Пірназармен кездесті.
Басты мақсат — студенттерге азық болар рухани әңгіме өрбіту.
Аталған шара актерлердің жылы лебізінен, әлеуметтік жұмыс және тәрбие ісі жөніндегі проректор Жаннета Амангелдіқызының алғы сөзінен басталды.
— Студенттер үшін рухани азық болар дүние айтуға тырыстық. Рөлден кейіпкер істеу өте қиын жұмыс. Мен Шәкәрім Құдайбердіұлының рөліне бекітілгенде, ұзақ дайындалдым.Үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Дінге бет бұрдым. Өтірік шынды, өкпешіл сынды көтере алмайды. Сынды қабылдай біліңіздер. Ұлттық құндылығымызды,ұлттық болмысымызды ұмытпағайсыздар, — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Бекжан Тұрыс.
Кездесу барысында студенттер актерлермен кино, театр әлеміне қатысты еркін әңгіме өрбітті.
— Актерлермен кездесу арқылы өзіме құнды ақпарат қана алып қоймай, рухани азық алдым. Тіршіліктің көлеңкелі тұсында көңілге ерекше леп берген кездесу болды, — дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Жанабіл Әлиев.
Айта өту керек, аталмыш шараға ЖОО мен жоғары колледждің 70-тен астам студенті қатысты.
Ал, шабыт студенттер театрының мүшелері де кездесуде қалыс қалмай, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.
— Студенттік кезең адам өміріндегі ең ғажап сәт. Белсенді, үздік студент болуға тырысыңыздар. Бұл университетке алғаш келуім. Университет студенттерінің талпынысы, ынтасы зор екені байқалды, — дейді театр және кино актері Шерхан Пірназар.
Кездесу танымал актер Бекжан Тұрыстың «Амалым қанша» термесін орындауымен аяқталды.
— Термені тыңдағанда бойымды ерекше күй кернеді. Шын мәнінде, студент ретінде біздің алар дүниеміз көп болды. Маған ерекше ұнады, — дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Ару Қасаинова.
Жалпы, дәл осындай ардақ тұтар азаматтармен кездесіп, рухани әңгіме өрбітудің ЖОО студенттері үшін маңызы зор.