21 мая 2024
ШҚУ-ДЫҢ СТУДЕНТТІК КЛУБТАРЫ
Университет немесе колледжге оқуға түскен әрбір білім алушыға жаңа ортаға үйрену керек. Жаңа ортаға сіңудің тамаша жолы – студенттер клубтары сияқты ұйымдарға мүше болу.
Университеттің студенттік клубы — бұл студенттер ортақ мүдде үшін біріккен оқу орны қабырғасындағы қоғамдық ұйым. Олар студенттердің оқудан тыс өмірін жарқын, қызықты етуге сеп. Жастарды жеке дамуға және белсенді әлеуметтік қызметке ынталандырады.
Мысалы, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да Жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істейді. ЖОО тұрақты негізде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, өткізеді. Университетте түрлі студенттік клубтар жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Ділмар» дебат клубы, «Шабыт» студент жастар театры, «Мейірім» еріктілер ұйымы, «Көркем» қыздар клубы, сондай-ақ «Жастар рухы, жастар қанаты» және «Алаш» клубтары бар.
Мысалы, дебат клубында студенттер өздерінің әлеуметтік белсенділіктерін арттыра алады. Жаңа достар тауып, пікірлерін еркін жеткізе алады. Кез-келген мәліметті санада сүзіп, талдап, талқылай алады.
Егер сіз шығармашылыққа жақын болсаңыз, онда сіз «Шабыт» студенттер театрына қатыса аласыз. Ал ШҚУ-дың еріктілер ұйымы қайырымдылық көмек көрсету бойынша шаралар ұйымдастырады. Қоғамның игілігі үшін ерікті еңбек идеяларын насихаттайды. Әр студент осы ұйымдардың бір бөлшегі бола алады.
Қыздар үшін «Көркем» клубы қызмет етеді. Клубтың мақсаты — қыздарды халықтың салт-дәстүрлері аясында тәрбиелеу, денсаулық пен сұлулықты насихаттау, салауатты өмір салтын ұстану және болашақ ана ретінде отбасылық өмірге дайындау.
Ал, «Жастар рухы, жастар қанаты» клубының міндеттері мен қағидаттары –жастардың бойында патриотизм мен жауапты азаматтық ұстаным сезімін, Республиканың мемлекеттік рәміздеріне, Қазақстан халқының мәдени мұрасына, тілі мен дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру.
Егер сіз тарихқа қызығып, фактілерді талдап, ғылыми конференцияларға қатысқыңыз, ғылыми мақалалар, баяндамалар жазғыңыз келсе, онда «Алаш» клубына барғаныңыз жөн.