23 мая 2024
ШҚУ ҒАЛЫМДАРЫ БАЛАЛАР ЖИҺАЗЫНЫҢ БІРЕГЕЙ ЖИЫНТЫҒЫН ӘЗІРЛЕДІ
Жоба жетекшісі, ф.-м.ғ.к., физика және технологиялар кафедрасының профессоры Досым Ерболатұлының айтуынша, коммерцияландыру жобасын іске асыру аясында орындаушылар қосымша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жиһаз, керек-жарақтарды әзірлеген. Бұған дейін вертикализаторды таныстырған еді, енді мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балаларға арналған жиһаз жиынтығын ұсынады. Жиһаз жиынтығына ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған реттелетін орындықтар, «Растишка» парта-үстелі кіреді.
— «Растишка» партасы үстелді кез келген градуспен қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ үстелдің биіктігін реттеуге болады. Яғни, бала өсіп кетсе, үстелді де бойына сай реттей бересіз, — Досым Ерболатұлы.
Профессордың айтуынша, реттелетін орындықтың да кең параметрлері бар. Баланың дене мөлшеріне байланысты енін, биіктігін реттеуге болады. Орындықта баланы бекітуге мүмкіндік беретін бекітпелер бар. Параметрлері үстелдің өлшемдеріне байланысты.
— Сондай-ақ, «Кітапша» парта-үстелін ұсынамыз. Үстелдің бірегейлігі — оның екі жиналмалы үстелі мен ықшамдылығы және алып жүру тұрғысынан ыңғайлылығында жатыр. Ішінде негіздің астында екі кішкентай тумба орналастыруға арналған орын бар. Парта үстелін балалар мекемелерінде, балабақшаларда, мектептерде қолдануға болады. Үстіңгі жағы оп-оңай алынып тасталып, кішкентай үстел етуге келеді. Оны бала өсіп, жасөспірім болғанға дейін пайдалана аласыз, — дейді өнертапқыштар.
Айта кету керек, ШҚУ ғалымдары әзірлеген балалар жиһазының бірегейлігі патентпен расталған.