24 мая 2024
Жоғары білім берудің білім беру бағдарламаларына арнаулы және шығармашылық емтихандарды өткізу тәртібі
Жоғары білім берудің білім беру бағдарламаларына арнаулы және шығармашылық емтихандарды өткізу тәртібі
- Арнаулы және (немесе) шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламалары топтары бойынша, оқуға қабылдау арнаулы және (немесе) шығармашылық емтихандар нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады.
- Арнаулы және (немесе) шығармашылық емтиханды ұйымдастыру және өткізу үшін басқарма төрағасы — ректордың немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның шешімімен емтиханды өткізу кезеңіне емтихан комиссиясы құрылады.
Шығармашылық емтихандар жөніндегі комиссияның құрамына профессор-оқытушылар құрамы, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, Университет өкілдері кіреді. «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау», «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау», «Музыкалық білім беру мұғалімдерін даярлау», «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» бағыттары бойынша шығармашылық емтихандар жөніндегі комиссияның құрамына бейіні бойынша тиісті білімі бар және мәдениет, спорт салаларындағы жергілікті уәкілетті орган ұсынған тұлғалар кіреді.
- Арнаулы және (немесе) шығармашылық дайындықты талап ететін, оның ішінде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсуші тұлғалар арнаулы және (немесе) шығармашылық емтихандар тапсыру үшін Университеттің қабылдау комиссиясына келесі құжаттар тапсырады:
- жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі туралы құжат (төлнұсқа);
- 3 x 4 см. көлеміндегі 2 фотосурет;
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- ҰБТ сертификаты (бар болған жағдайда);
- «Дене шынықтыру және спорт туралы»2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабының 1) тармақшасында белгіленген спорттық разрядтар және (немесе) спорттық атақтардың бірінің бар болуын растайтын құжаттың көшірмесі (бар болса) тапсырады.
- Шығармашылық емтихан тапсыру үшін өтініштері күндізгі нысанды оқуға ақылы түрде түсуші жоғары білімі, техникалық және кәсіптік білімі бар тұлғаларды есепке алмағанда қабылдау күнтізбелік жылғы 20 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады.
- Шығармашылық емтихан күнтізбелік жылғы 7 шілдеден 15 тамыз аралығында өткізіледі.
- Жалпы орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі туралы құжаты бар, шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларына түсуші тұлғалар екі шығармашылық емтихан тапсырады.
- Шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының тобына қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін жоғары білім кадрларын даярлаудың ұқсас бағыттары бойынша күндізгі бөлімге мемлекеттік білім беру гранты бойынша түсуші тұлғалар бір шығармашылық емтихан тапсырады.
- «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша оқуға түсушілерден құжат қабылдау және арнаулы емтихан өткізу университетте күнтізбелік жылғы 20 маусымнан – 24 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ҰБТ-ны электрондық форматта өткізу кезінде түсушілердің құжаттарын қабылдау және «педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша оқуға түсу үшін арнайы емтихан өткізу 20 маусым мен 20 тамыз аралығында жүзеге асырылады.
- Шығармашылық дайындықты талап ететін, жоғары білімнің білім беру бағдарламалары тобына түсетін орта немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша баллдар ескеріледі.
Шығармашылық дайындықты талап ететін, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының тобына түсуші азаматтар үшін қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін жоғары білім кадрларын даярлаудың ұқсас бағыттары бойынша арнаулы пәннен баллдары ескеріледі.
- «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына оқуға түсушілер жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары өткізетін бір арнаулы емтихан тапсырады.
- Университеттің «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша жоғары білім орынына түсуші тұлғалар үшін Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқу тілі), екі бейіндік пән бойынша баллдар ескеріледі.
- Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін жоғары білім кадрларын даярлаудың ұқсас бағыттары бойынша түсушілер үшін жалпы кәсіптік және арнаулы пәндер бойынша баллдар ескеріледі.
- Оқуға түсуші арнаулы және (немесе) шығармашылық емтихан өткізілетін аудиторияға (орынға) жеке басын куәландыратын құжатты және қабылдау комиссиясы берген рұқсаттаманы көрсеткенде жіберіледі.
- Арнаулы және (немесе) шығармашылық емтихандар бейне және (немесе) аудио жазбамен жабдықталған аудиторияларда (орындарда) өткізіледі.
- Жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы құжаты бар оқуға түсушілер үшін шығармашылық емтихандар 50 балдық жүйе бойынша бағаланады.
Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін жоғары білім кадрларын даярлаудың ұқсас бағыттары бойынша оқуға түсушілер үшін шығармашылық емтихан 20 балдық жүйе бойынша бағаланады.
- Арнаулы және (немесе) шығармашылық емтиханның нәтижелері емтихан өткізілген күні жарияланады және сайтқа орналастырылады.
ББТ коды | БББ атауы | 1 шығармашылық емтиханы | 2 шығармашылық емтиханы |
1 | 2 | 3 | 4 |
В005 | Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау | Мамандану бойынша нормативтер | Жалпы дене даярлығы бойынша нормативтер |
В006 | Музыка мұғалімдерін даярлау | Орындау шеберлігі | Жалпы музыкалық қабілетін көрсету |
В008 | Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау | Сурет (гипстен жасалған адамның бет маскасының суреті) | Кескіндеме
(натюрморт) |
В033 | Дін және теология | Кәсіби жарамдылығын анықтау үшін сұхбаттасу | Дін негіздері бойынша ауызша емтихан |
В042 | Журналистика және репортер ісі | Шығарма | Сұхбаттасу |