24 мая 2024


УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫ ҚОЛДАУ

Биыл 12 сәуірде ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды, өйткені ғылымды дамыту — мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Атап айтқанда, президент бөлінетін грант санын ұлғайту керек екенін атап өтті.


ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде ғылымды дамыту үшін алдағы үш жылға шамамен 640 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, отандық ғалымдарды әлеуметтік қолдау құралдары пысықталды. Ғылыми дәрежелер мен академиялық лауазымдарға қосымша ақы төлеу, жаңа тұрғын үй бағдарламаларын әзірлеу сияқты шаралар қолға алынған. Мәселен, 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Отбасы банкпен» бірлескен пилоттық жоба іске қосылды. Оның аясында мыңға жуық жас ғалым жеңілдетілген несиемен баспана ала алады.

Айта кету керек, С. Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығы университеттің жас ғалымдарына белсенді қолдау көрсетеді. Мысалы, «Жас ғалым» бағдарламасын іске асырған сәттен бастап Amanzholov University-дің 10 зерттеуші, өнертапқыш ғалымдары ипотекалық несие алушылар тізіміне енгізілді. Олардың төртеуі биыл өз пәтерлерінің кілттерін алды. Атап айтқанда, Нұртөлеу Мағазов, Меруерт Мәулет, Дидар Сейітжан және Әсел Жылқашинова. Соңғысы тіпті Астана қаласынан баспаналы болды.


«Менің пәтерім жарық, кең және жылы. Облыс орталығының жақсы, жаңа ықшам ауданында орналасқан. Инфрақұрылымы тамаша. Ең ыңғайлысы, барлық пәтерлер косметикалық жөндеуден өткен. Бірден қоныстанып, тұра беруге болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне және «Отбасы банкіне» ғылыми қоғамдастыққа осындай қолдау көрсеткені үшін рахмет. Бұл біз үшін керемет көмек», — дейді Меруерт Мәулет.