27 мая 2024


«КҮМІС УНИВЕРСИТЕТ»: «ЖАН ДҮНИЕГЕ АРНАЛҒАН БИ» КУРСТАРЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығында «Күміс университет» жобасының қатысушылары үшін жаңа курс басталды. Мамандар қартаю психологиясы мен эмоционалды денсаулыққа арналған «Жан дүние биі» курсын ұйымдастырды.

Курстың мақсаты-физикалық және психикалық денсаулықты нығайту, сондай-ақ би белсенділігі арқылы күйзелісті азайту.

 -Үнемі қозғалысы аз жұмыс істейтіндіктен дәл осындай бимен айналысу біз үшін маңызды.ЖОО-да осы секілді жобалардың өтетініне қуаныштымын.Әрі денсаулыққа пайдалы,-дейді оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімінің әдіскері Нұржан Қасымбаева.

Қатысушылар курс барысында шығыс биімен айналысады.

-Биге қатысып,өзімді жеңіл,ерекше сезініп жүрмін.Курсқа қатысқаныма өте қуаныштымын.Қатысып бастағаннан бері денсаулығымда біршама жақсы өзгерістер байқадым,-дейді экономика,менеджмент және қаржы кафедрасының оқытушысы,э.ғ.магистрі Айна Жапарова.

Ал, сабақтар би студиясында би оқытушысы Алина Комованың жетекшілігімен өтуде.

-Шығыс биі икемділік,нәзіктік және өзіңмен гармонияда болуға шақырады.Сондықтан,дәл осындай бимен айналысу қозғалысы аз жұмыс қызметкерлері үшін өте пайдалы.Үлкен кісілермен курс өткізу мен үшін де үлкен тәжірибе.Қатысушылардың талпынысы мен ізденісі жақсы,-дейді би оқытушысы Алина Комова.

Айта кету керек, курс аяқталғаннан кейін белсенді қатысушыларға растайтын сертификаттар табысталады.