30 мая 2024


ШҚУ-ДА БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

 Университет студенттері балаларға арнап қызықты бағдарлама ұйымдастырған.

ШҚУ-дың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Дәурен Байдрахмановтың айтуынша, мұндай акция университетте дәстүрге айналғалы қаша. Жыл сайын мейрам қарсаңында өткізіліп келеді.

— Бүгін біз балаларды қорғау күніне орай университет қызметкерлерінің балаларына арналған мереке ұйымдастырдық. Оларға концерттік нөмірлер, түрлі байқаулар, квесттер және көптеген сыйлықтар дайындадық. Балалардың көңіл-күйін көтеруге тырыстық. Баршаңызды осы тамаша мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді Дәурен Байдрахманов.

Кіші және орта мектеп жасына дейінгі балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге музыкалық ойындар ойнап, көңілді музыкамен түрлі қимылдар жасады. Аниматорлармен бірге қозғалыстарын, жануарлардың түрлі дыбыстарын мұқият қайталады.

— Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау ұнайды. Оларды көңілді, алаңсыз күйде, бақытты балалық шақта көру бір бақыт, — дейді 1 курс студенті Аружан Марат.

Ұйымдастырушылар «Айдаһардың құйрығы», «Көңілді паровоз», «Желкенді қайық» сияқты көңілді байқаулар мен квест-ойындар өткізді.

— Маған бүгінгі шара ұнады. Түрлі ойындар ойнадық. Бәрі қызықты болды, — дейді жеті жастағы Айша Кеңесхан.

Айта кетейік, студенттер үшін шара тәжірибелік мақсатты көздеген. Мақсаты – жазғы кезеңде мектеп жасына дейінгі балалардың мәдени-демалыс қызметін ұйымдастыру саласында болашақ тәрбиешілердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыру.