7 Маусым 2024


ШҚУ-ДА БЕЛГІЛІ ХИМИК-ҒАЛЫМНЫҢ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ ЖӘНЕ РЕСЕЙЛІК САРАПШЫНЫҢ ДӘРІСІ ӨТТІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Университетті әлемдік рейтингтерде ілгерілету стратегиясы» атты шеберлік сағаты өтті. Іс-шараны химия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, инженерлік білім беру бағдарламаларын аккредиттеу жөніндегі Еуропалық желінің (ENAEE) вице-президенті Мұхамбетқали Бүркітбаев өткізді.
Шараның басты мақсаты – еліміздің жоғары оқу орындарын әлемдік рейтингтерге қатысуға, ғылыми зерттеулердің маңыздылығын, сондай-ақ жұмыстың тиімділігін арттыруға және әр жоғары оқу орнының мәртебесін дамытуға тарту.


Профессор атап өткендей, жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингтері қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің ғылымның нақты салаларында халықаралық деңгейдегі құзыреттілікке ие екендігін растайтын университеттер қызметінің ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді.


– Бүгін сіздермен университетті әлемдік рейтингтерде ілгерілету стратегиясы бойынша тәжірибеммен бөліскім келеді. Рейтингтерді құрастыру бәсекелестіктің дамуын және жоғары оқу орындары арасындағы саралауды тудырады. Бұл білім ордаларындағы білім сапасын жақсартуға ықпал етеді, – дейді Мұхамбетқали Бүркітбаев.


Сондай-ақ, сарапшының айтуынша, рейтингтер университеттің әлемдік танымалдылығын қамтамасыз етуге, ТОП-үздіктер қатарына енген оқу орындарына жаңа серіктестер мен қаржыландыру көздерін тартуға, соның ішінде рейтингтердегі позицияны нығайту үшін мемлекеттік қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік береді.


– С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да QS рейтингінде маңызды орынға тұрақтауға жақсы мүмкіндік бар. Мұнда заманауи зертханаларды, жақсы материалдық-техникалық жабдықтарды көрдім, ең бастысы, жастар ғылыммен айналысқысы келеді, – дейді ғалым.


Шараның екінші бөлімінде Орал федералды университетінің ғылымометрия зертханасының жетекшісі, Әлемдік банк сарапшысы Марк Акоевтің «Оқудан ғылыми мәтіндерді жасауға дейін ғылыми ақпаратпен жұмыс істеу стратегиясы» тақырыбында ашық онлайн-дәріс өтті. Инженер-программист ғылымометрияның пайда болу және даму тарихы туралы айтып беріп, Ресей Федерациясындағы ғылыми қызметті бағалау үшін ғылымометрияны қолдану тәжірибесін сипаттады.
Өз баяндамасында ол «ғылымометрия» ұғымын және ғылыми мәтіндермен жұмыс істеу ерекшеліктерін, сондай-ақ осы типтегі мәтіндерді оқу процесінде туындайтын қиындықтарды сөз етті.

Оған қоса, Марк Акоев осы бағыттағы заманауи зерттеулерді баяндады.


Соңында, кездесуге қатысушылар спикерлерге берілген тақырыптар бойынша көптеген сұрақтар қойып, толыққанды жауап алды.