8 Маусым 2024


ШҚУ-ДЫҢ МАТЕРИАЛДЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫ ОӘБ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА ЕРЕКШЕ ӘСЕР ҚАЛДЫРДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да “Инклюзивті білім беру: инновациялық тәсілдері мен сын-қатерлері” тақырыбындағы “Арнайы педагогика” және “Денсаулық сақтау” бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінің бірлескен көшпелі мәжілісіне келген қатысушыларға ЖОО-дағы бірегей орталықтар мен кітапханалар таныстырылды.


Экскурсия қонақтарға «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығын таныстырумен басталды. Мұнда қатысушылар аппараттық психодиагностика және психокоррекция, сенсорлық интеграция және түзету, ЅТЕАМ және «Дарынды балалар» зертханалары, сондай-ақ логопедтік кабинетпен танысты.

-ЖОО-дағы бұл орталықтың әр отбасыдағы түйткілді мәселені шешіп, балалардың қуанышын көрсетуі бізге үлкен әсер етті. Ең ұнағаны – аутизм диагнозы бар балалардың биі. Студенттерге, осы саладағы ғалымдарға үлкен көмек болатын орталық екен, – дейді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Джарасова.


Сондай-ақ, «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттер орталығы» коммерцияландырылған жобасы авторлық әдістемелік құралдар, конструкторлар, психолог-дефектологтың кәсіби үстелі, вертикализатор, тірек-қимыл аппараты бұзылған парталар таныстырылды. Орталық мамандарының жұмыстағы жетістіктері де қалыс қалмай, қонақтарға орталықтағы балалардың өнерлері де көрсетілді.


-Ең таңғалатын жайт – жоғары оқу орнында дәл осындай студенттерге ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуға болатын орталықтың болуы. Сол орталықта әртүрлі құрылғылардың қамтылуы ұнады, – дейді І. Жансүгіров атындағы Жетісу Университетінің оқытушысы Гүлназ Азанбекова.


Осылайша, экскурсия қонақтарға «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтын таныстырумен жалғасты. Қонақтар институттың бай қорымен танысты. Институттың басшысы Айжан Қартаева қонақтарға Абайдың қазақ тарихында өшпес із қалдырғанын және жалпы түркі әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.


– Ерекше әсер алдым. Өз ісінің адал, кәсіби мамандарының жұмыс істейтіндігі байқалды. Институтта ұлы ақынның өміріне қатысты тың ақпаратпен таныстым. Абайтану таңдамалы еңбектерінің болуы студенттер үшін де ғалымдар үшін де үлкен мүмкіндік, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы Бағдат Маженов.


Ал, экскурсия соңы қатысушыларға Бейбіт Мамраев есімі берілген ғылыми кітапхананың бай қорын көрсетумен аяқталды.


– Кітапханадағы көне кітаптардың болуы мені қызықтырды. Ең ұнағаны – әртүрлі тілдегі әліппенің топтамасы. Кітапхананың қоры бай екен, – дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғылыми хатшысы Гаухар Төребекова.


Айта кету керек, мәжіліске келушілердің қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен ЖОО оқытушылары мен арнайы білімді қажет ететін орталықтардың мамандар бар.