14 июня 2024


ТАНЫМАЛ АҚЫН ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да танымал ақын, журналист, ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен кездесу өтті.
Ұлықбек Есдәулет — 1954 жылдың 29 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. Ақынның ел арасында «Қара пима», «Заман-ай», «Әбілхаят», «Алтайдың алтынтамыры» сынды шығармалары аса танымалдыққа ие.
Ақынмен кездесуге ақынмен қатар шығармашылықтағы бауыр-қарындастары Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин, Маралтай Райымбекұлы және танымал опера әншісі Тілеубек Қожанұлы қатысты.

— Ұлықбек ағаға қарап менде осы саланы таңдауға бекінген едім. Өнерде де өмірде де ағаның көмегі көп болды, — дейді Гүлнар Салықбай.

Кездесу барысында ақын өзінің шығармашылығы мен қызмет жолын, өнегелі өмірінің сабақ алар сәттерін тілге тиек етті.

— Алғаш 1971 жылы арман қуып Алматыға кеткенмен, алғашқы тілшілік қадамымды облыстық “Дидар” газетінен бастадым. Шығыс өлкесінен талай мықтылар шықты ғой. Осы ЖОО-ға да талай ат басын бұрған едім, — дейді танымал ақын Ұлықбек Есдәулет.

Ал, кездесуге келген студенттердің қарасы қалың. Олар ақынның шығармашылығынан өлеңдерін оқып, толғандырған сауалдарына жауап алды.
Әсіресе, шығармашылық мамандықты таңдаған, болашақ тіл жанашырлары мен тілшілерге аталған кездесудің берері мол.

— Кездесуде құнды ақпарат айтылды. Өзім шығармаларын оқыған жанды бүгін басқа қырынан таныдым. Өлеңдерінің ұйқасы ұнайды, — дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Ернат Нұржан.

Кездесу соңында ЖОО ректоры ақынның университетке келген сапарларының бірін атап өтіп, мерейтойымен құттықтады. Дәстүрге сай ақынның арқасына шапан жапса, ақын университет ұжымына жыр жинақтарын табыстады.