1 Шілде 2024


SHYGYS-BASTAU, COWORKING, IT-HUB: С. АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛДЫ

С. Аманжолов университетінде физика, биология және химия кабинеттері ашылды. Студенттердің тәжірибелік сабақтарын өткізуге арналған кабинеттер озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аясында дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғарғы білім комитеті үш пәндік кабинетті жабдықтауға ат салысты. Сонымен қатар, көпсалалы университетте қазір «Shygys-BASTAU» технопаркі, Startup- жобаларын және инновациялық кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ өңірдегі цифрландыруды дамыту үшін ІТ мамандарын біріктіретін IT-Hub жұмыс істейді. Жаңадан ашылған орталықта медиа-зал, «Idea Room», «Lounge zone» және диалог аймағы бар.

– Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастамасында» университеттер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын стратегиялық орталыққа айналуы тиіс, деп атап өткен еді. Сондықтан, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бірінші кезектегі міндеттердің бірі, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Жаңа нысандар тізімінде БҰҰ -ның күн тәртібін қолдайтын тұрақты даму орталығы мен «EdSmart Premium»мультимедиялық интерактивті бейнежазба студиясы бар. Цифрлық зертхана бейне-аудиомен жабдықталған. Бұл оқытушыларға заманауи әдістер мен құралдарды пайдалана отырып, Coursera платформасы арқылы білім беруге мүмкіндік береді.

Студенттер үшін Coworking co Smart кітапханасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жеке, ұжымдық және шығармашылық жұмыстарға арналған аймақтар бар. Жаңа оқу жылында студенттерді  дизайнерлік интерьермен және эргономикалық үлгідегі жиһазбен жабдықталған жаңа аумақ күтіп тұр.