9 июля 2024
«ЖАЗҒЫ УНИВЕРСИТЕТ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ
8 шілдеде Б.Н. Ельцин атындағы ОрФУ-да (Екатеринбург) «Жазғы университет» халықаралық жобасы басталды. Amanzholov University білім алушылары Анастасия Ляпунова, Арна Рахметулланова, Равиль Сырымбаев, Эвелина Каун Армения, Үндістан, Мексика, Алжир, Иордания, Оңтүстік Африка, Ресей, Тәжікстан, Беларусь және Қырғызстаннан келген 400 студентпен бірге жыл сайын өтетін ауқымды жобаның ресми қатысушылары болды.
Оның негізгі мақсаты — сарапшылармен және индустриялық әріптестер өкілдерімен жобалық бастамаларды қалыптастыру және пысықтау, сондай-ақ халықаралық әріптестікті дамыту.
— Мұнда студенттер үздік оқытушылар мен сарапшылардан жаңа, пайдалы білім алып, озық технологиялар және ұйымдармен байланыста болады. Әрине, жастарға арналған студенттік шараларға қатысады, — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
— Алғашқы күні біз басқа елден келген қатысушылармен танысып, қаланың мәдени орындарын араладық. Мұнда келгеніме қуаныштымын. Біз тақырыптық форумдарға, дөңгелек үстелдерге қатысамыз. Жобалық жұмыс шеңберінде Халықаралық студенттік топтар құрамында өз кәсіби құзыреттерімізді қалыптастырамыз, — дейді Арна Рахметулланова.
Екі апта ішінде жастар әлеуметтік жобалауға, гуманитарлық практикадағы цифрлық технологияларға, сондай-ақ IT, Менеджмент және экономика саласындағы жетекші спикерлердің дәрістеріне қатысады. Сонымен қатар, «Жазғы университет» бағдарламасында «Иннопром» халықаралық көрмесіне бару да жоспарланған.