19 июля 2024
ШҚУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен Бестерек ауылының Археологиялық мұражайында «Алтай ‒ түркі әлемінің төркіні» атты халықаралық ғылыми семинар өтті.
Ғылыми семинарды археолог, профессор Зейнолла Самашев «Берел қорымы-сақ дәуірінен сақталған тарихи ескерткіш» деген баяндамасымен ашты. Ғалымның баяндамасы қазіргі археологияның алдында анағұрлым сан міндеттер тұрғандығына да көңіл бөлді. Сақтар мәдениетін және Алтай жаратылыстану, әлеуметтану, экономика, геология және басқа ғылымдардың пәні ретінде жан-жақты зерттеуге, зерделеуге мән берді. Сондай-ақ аймақтың туристік әлеуетіне археология ғылымының мол үлес қоса алатынына да назар аударды.
Германииядан келген Гёттинген университетінің профессоры ғалым Йоханнес Реккель Алтайдың рухани әлеміндегі кейінгі қола дәуірі мен ерте темір дәуірінен қалған петроглифтеріндегі бұғылар мен бұқалар деген тақырыпта баяндама жасады.
Сонымен бірге ғылыми іс-шарада Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Задаш Дүкенбаева, «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Майра Тарлаубай, Бестерек ауылының Археологиялық мұражайының қызметкері Андрей Пушкарев болды.
Сондай-ақ семинарға «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының жетекші ғылыми қызметкері Самат Самашев, Аманжолов университеті қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының сеньор-лекторы әдебиеттанушы Раушангүл Мұқышева, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археолог ғалымдары Сағымбай Мұрғабаев пен Ph.D Мэлс Бақтыбаев қатысып, қазіргі археологиялық зерттеулері туралы баяндады.
Ғылыми семинардың қорытындысында 2025 жылдың соңында Гёттинген университетінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетімен бірлесіп «Сақтар мәдениеті, тарихы және археологиясы» тақырыбында бірлескен конференция өткізу шешімі қабылданды.