22 июля 2024


ӘСКЕРИ КАФЕДРАНЫҢ 160-ТАН АСТАМ КУРСАНТЫ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Биыл Қабанбай батыр атындағы әскери кафедраның 163 курсанты Әскери Ант қабылдады. Олар әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлықтан өтіп, офицер шенін алды. Оның ішінде 15 курсант – бойжеткендер.


Салтанатты рәсім №1 оқу ғимаратында өтті, оған С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, Қарулы күштердің өкілдері, сондай-ақ курсанттардың ата-аналары қатысты.


— Біздің оқытушыларымызға және әскери кафедра басшылығына батылдықты, төзімділікті, тәртіпті және патриоттық сезімді бойымызға қалыптастырғаны үшін алғыс айтамын. Біз енді нағыз офицерлерміз, — деп әсерімен бөлісті студент Сабина Муктарова.


Еске сала кетейік, Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра Amanzholov University базасында 2019 жылдың 11 мамырында ЖОО ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен ашылған. Сол күннен бастап әскери кафедра офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасын тәмамдаған 500-ден астам студент даярлады.