22 июля 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ МАРИЯ КОЛЧИНА ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТІП ЖҮР

Amanzholov University-дің «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенті Мария Колчина оқудан бос уақытында қалалық кітапханада қазақ тілін үйретіп жүр. Бойжеткеннің айтуынша, оның тегін тіл курстары көптеген ұлты қазақ адамдардың ана тілін үйренуіне құлшыныстарын оятып жүр.

Менің шәкірттерім мені көпке үлгі екенін айтып шабыттандырады. Оның себебі, менің қазақшаны еркін біліп, акцентсіз сөйлей алуымда. Мен өз ісіме асқан жауапкершілікпен қараймын. Мен үшін сабақ бос өтпеуі керек. Тіл үйренушілердің әр сабақта жаңа нәрсені білуі маңызды, — дейді Мария.

Білім алушылардың әр тобында кемінде 10 адам болады. Олардың барлығы түрлі себеппен мемлекеттік тілді үйренуді қалайды. Мысалы, қазақ тілінде сөйлейтін клиенттердің қажеттіліктерін түсінбейтін кәсіпкер немесе ата-анасы қазақша сөйлемейтін оқушылар болады. Тиісінше, олар ойларын еркін жеткізе алмайды.

Менің сабақтарым аптасына бес рет өтеді. Кез-келген ұлт өкілі, түрлі жастағы адамдар қатысады. Ең бастысы — ниет. Жеке және топтық оқыту бар. Қыркүйектен бастап жаңа маусым басталады, — дейді Мария.

Марияның сабағы бір сағатқа созылады. Осы уақыт ішінде ол теорияға және міндетті түрде практикаға назар аударады. Оның пікірінше, бұл кез – келген тілді үйренудің басты негізі.

Айта кетейік, Amanzholov University студенті Шығыс Қазақстанның табиғаты әсем елді мекендерінің бірінде туып-өскен. Туған жерінде бойжеткен тек тілді ғана емес, ұлттың дәстүрі мен мәдениетін де құрметтеуге үйренген. Мария болашақта университетті сәтті аяқтап, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.