25 июля 2024


УНИВЕРСИТЕТ КЕЛБЕТІ: ӘУБӘКІРОВА ЛЕНСТА РАҚЫМЖАНҚЫЗЫ

Ленста Рақымжанқызы-С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ардагер ұстазы,ШҚО Құрметті азаматы,ҚР еңбек сіңірген ұстазы,еңбек ардагері. Ардагер ұстаз Ленста Рақымжанқызы өзінің талай жылғы қызметі мен мамандығына деген адалдығымен көпке үлгі.

Университеттің ардагер ұстазы өзі мен ұзақ жылғы қызметі жайлы  әңгімелеп берген еді.Назарларыңызға ұсынамыз.

Өзі жайлы

1957 жылы  (сол кездегі атауы) Өскемен Педагогикалық Институтына физика-математика факультетіне оқуға түстім.Бажов көшесінде орналасқан №2 оқу-ғимаратында білім алдым.Студенттік кезімде ол кезеңде студенттер қаладағы  трамвай желісін салушылардың бірі болған еді.Қыс мезгілінде қардан жерді тазалап,трамвай желісін төсеуге ат салыстым.Осылайша,қаладағы трамвай желісін енгізуге тырыстық.Міне,біздің студенттік кезеңнің де қызығы мен қиыны қатар жүрді.Жұмаш Уәлиұлының ректорлық қызметке келгені әлі есімде.1961 жылы 9 мамыр мерекесіне арналған салтанатты жиында ҰОС ардагері,ректор Жұмаш Уәлиұлына сөз беріліп,таныстырған еді.Жұмаш Уәлиұлы білім ордамыздың дамуына үлкен үлес қосқан жан.Сол тұста біздің білім ордамыз білікті мамандар мен үздік кадрларды дайындап шығып,250 елдің арасында 3 орынға жайғасқан еді.

Білім ордадағы қиын да қызық қызмет жолы

-1969 жылдан бастап, университетте оқытушылық қызметімді бастадым.Ережеп Әлқайырұлының ректорлық қызметі кезінде бірлесе, «Теория және методика пионерлық және комсомолдық жұмыстар»-кафедрасын ашып,кафедра меңгерушісі болып қызмет атқардым.Осылайша,мектептердегі тәрбие жүйесіндегі олқылықтарды зерттеп,тәрбие ісі бойынша меңгеруші қызметін енгіздік.Сондай-ақ тарихи-педагогикалық факультеттің ашылуына да,зор үлес қосуға тырыстым.Артынша,Ережеп Әлқайырұлының бастамасымен тәрбие ісі жөніндегі проректор қызметінде де атқардым.Осы қызметте жүріп, «Студенттік көктем»-байқауының да басталуына да себепкер болдым.Білім жолында ұстаздықтың барлық сатысынан өттім.

ШҚО тарихындағы алғашқы шетелдіктермен кездесу

-Ол кездері жабық облыс едік.Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің рұқсатынсыз шетелдік азаматтар келе алмайтын.Мен сол кезде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен келісімге келіп,Мәскеуге аттандым.Мәскеудегі халықтар достастығы институтына барып,американдық ерлі-зайыптылармен таныстым.Артынша олардың құжаттарының көшірмесін алып,мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне және өзгеде мемлекеттік мекемелерге апардым.Осылайша,бірінші рет американдық ерлі-зайыпты Шығыс Қазақстанға келді.Ең қызығы- бұл шет тілі білім бағдарламасының студенттерінің алғаш рет ағылшын тілінде сөйлейтін азаматтармен кездесуі еді.Шетелдіктерге біздің ұлттық мәдениет,діл,дәстүр таңсық болған соң,оларға осыны көрсетпек болдым. Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының басшысымен келісе отыра,әлгі американдықтарды мектепке шақырдық.Сол кезде мектеп басшылығына тек қана қазақы дәстүрмен,ұлттық киіммен салтанатты түрде күтіп алуды тапсырдым.Осылайша Американдықтарды мектепке әкелгенім сол еді.Күмбірлеген күй шерткен домбыра оркестрі күтіп алды.Әлгінде әкелген қонақтарым таңырқап, «Осындай қос ішекті аспаптан қалайша осындай ғажап дауыс шығады?!»-деумен болды.Ары қарай кіргенде де,шашу шашып,бүрмелі көйлек киген арулар күтіп алды. Дастарханға жайғасып, сыйлы қонақтарымызға шапан жауып,ұлттық қамзол мен  оюлы байлауыш сыйладық. Осылайша,біздің халықтың қонайжылығына,шашуы мен қос ішекті домбырасына,студенттердің ізденісіне шетелдіктер тамсанып,елдеріне қайтты.Арада екі ай өткен соң,Американдықтар бізге сәлемдеме салып жіберген екен.Бұл да бір олардың ризашылықтарының көрінісі деп ойлаймын.Бір жылдан соң,тағы да Мәскеуге барып,шет тілі білім бағдарламасының студенттерін біздің білім ордаға әкелдім.

Ленста Рақымжанқызы аймағымыздағы білім жүйесінің дамуына үлес қосып,біршама істерге мұрындық болған.Мәселен,Ленста Рақымжанқызының бастамасымен жоғары  сынып оқушыларына арналған алғашқы еңбек жасақтары ,алғашқы аула клубтары, қиын жасөспірімдерге арналған «Дзержинец»- еңбек лагері құрылды.Өзі айтып өткендей,ұстаздықтың барша сатысынан өткен Ленста Рақымжанқызы бүгінде білім орданың сыйлы ардагер ұстазы.Өзі де бұл жайлы:

-Бар еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі,ШҚО Құрметті азаматы,Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы атандым.Қызмет жолымда талай студенттерге білім бердім.Қиыны мен қызығы қатар жүрді.Ал, қазір басқарма-төрағасы ректордың бастамасымен университетте талай өзгерістер болып жатыр.Әлі талай тың бастамалар болатынына нақ сенімдімін,-дейді ардагер ұстаз.