16 августа 2024


ОБЛЫСТЫҚ ТАМЫЗ КЕҢЕСІНДЕ БІЛІМ БЕРУГЕ ЦИФРЛАНДЫРУДЫ ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында ШҚО Білім басқармасының ұйымдастыруымен білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті. Биылғы жылы шара білім беру процесінде цифрлық технологияларды сауатты және тиімді қолданудың өзекті тақырыбына арналды. Шара аясында «Digital Kazakhstan: қазіргі кезеңдегі білім» ұранымен өткен кеңеске облыс әкімдігі мен ШҚО Білім басқармасы өкілдерінің, әлеуметтік серіктестердің, сондай-ақ жалпы білім беретін және жоғары мектеп мамандарының қатысуымен пленарлық отырысы да өтті. Секциялардағы талқылау білім беру платформаларын пайдалану, оқыту сапасын арттыру үшін цифрлық ресурстар және технологияларды қолдану арқылы оқытудың жаңа әдістері тақырыптарын қамтыды.

Кеңес барысында қатысушылар Шығыстың инновациялық жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік беретін ауқымды көрмені тамашалай алды. Өңірдің жаңашыл мұғалімдері мен ғалым-оқытушылары өздерінің үздік әзірлемелерін таныстырды.

Университет қызметкерлері де шетте қалмады. Физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Досым Ерболатұлы, «Дана Бала» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова және психология және түзету педагогикасы кафедрасының сеньор-лекторы Рауан Байчинов дефектологтың үстелін, үстел-кітапшасын, авторлық әдістемелік құралдар мен кресло-вертикализатор мен төсек-вертикализаторды назарға қойды. Осы жаңалықтардың барлығын университеттің білікті қызметкерлері «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттер орталығы» коммерцияландыру жобасы шеңберінде ойлап тапты.


ЖОО ректоры Мұхтар Төлегенов атап өткендей білім берудегі дұрыс трендтерді іске асыру – өскелең ұрпақты трансформациялаудың маңызды кезеңдерінің бірі. Цифрландыру – бұл белсенді түрде ұмтылуға тиіс әлемдік құбылыс екенін ұмытпау керек.