23 августа 2024


ШҚУ РЕКТОРЫ ҚЫТАЙДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАРДА

Қазіргі таңда әлемде жасанды интеллектті экономиканың барлық салаларына енгізу үрдісі белсенді жүруде. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі білім беруде жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Ел Президенті цифрлық трансформация үшін Сингапур тәжірибесін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.


Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Президенттің цифрландыру саласындағы саясатын іске асыру мақсатында ҚХР тәжірибесі негізінде жоғары оқу орындарын трансформациялау үшін практикалық цифрлық шешімдер бойынша халықаралық семинарға бастамашы болды. Ғылым және жоғары білім Вице-министрі Щеглова Динара Ринатовнаның төрағалығымен құрамында ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген бар қазақстандық делегация инновациялық технологиялық шешімдердің отаны – Қытайдың Шэньчжэнь қаласына келді. Шара аясында вице-президент Тони Баомен кездесу өтетін Huawei компаниясы, Huawei штаб-пәтері, Шэньчжэнь университет қаласы, Datacom зертханасы, Industry Dialog Room, Дунгуань қаласындағы Оңтүстік зауыт және т.б. бірнеше маңызды нысандарға бару жоспарланған.

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ҚХР-ның жоғары оқу орындары және кәсіпорындарымен жолға қойылған жемісті ынтымақтастығы айтарлықтай артып келеді. Әсіресе, соңғы бес жылда. Тараптар Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) елдерінің тұрақты даму мақсаттары шеңберінде түрлі жобаларды бірлесіп іске асырып келеді. ШҚУ Циндао университетімен, Шаньдун сыртқы сауда кәсіптік-техникалық колледжімен, Іле педагогикалық университетімен, Цин Хуа университетімен, Ланчжоу техникалық университетімен, Шыңжаң орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен, Цзянсу педагогикалық университетімен және Орталық ұлттар университетімен келісімшарттар жасасқан. Университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 70-тен астам қытайлық студенттер оқыды. Өз кезегінде Қытайдың жоғары оқу орындары біздің ЖОО-ның 50-ден астам білім алушыларын оқытты.


Сонымен қатар, ШҚУ HAIER HAITECH компаниясының сенімді серіктесі. HAIER HAITECH соңғы он жыл ішінде білім беру, денсаулық сақтау, тау-кен өнеркәсібі үшін жасанды интеллект негізіндегі жабдықтар өндірумен айналысады, сондай-ақ «Smart City», «Smart Home», «Қауіпсіз қала», «Дөңгелекті үй» жобаларын жүзеге асырады. ҚХР-ның осы алып компаниясымен университет базасында «Smart library» және «AI Smart classroom» жобаларын іске асыру туралы келісімге қол қойылған.

Бүгінгі таңда қазақ-қытай ынтымақтастығы жоғары динамикамен дамуда. С. Аманжолов атындағы ШҚУ — Қазақстанның шығысындағы ШЫҰ идеяларын ілгерілетудің белсенді қатысушысы.