27 августа 2024
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – ҚР Конституциясының әлеуетін, оның құқықтық нормаларын жеке тұлға, қоғам және мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету тұрғысынан талқылау және ашу.
Дөңгелек үстел жұмысына университет ректоры Мұхтар Төлеген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Марат Башимов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі Серік Мизанбеков, Әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Амирханов, облыс прокурорының аға көмекшісі Василий Александров, ҚР сот әкімшілігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мақсат Айсин, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Іс-шара барысында сарапшылар өзекті тақырыптар бойынша авторлық баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов «2022 жылғы конституциялық реформалар Қазақстанның сот жүйесін жаңғыртудың негізі ретінде: сот төрешілерін іріктеу және тағайындау мәселелері» тақырыбында сөз сөйледі. Марат Бәшімов Қазақстан Конституциясының құқық қорғау әлеуеті туралы тақырыбын көтерсе, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі Серік Мизанбеков елдегі омбудсменнің конституциялық мәртебесі туралы баяндама жасады. Іс-шара құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байеркенованың баяндамасымен жалғасты. Ол адамға бағытталған және әділетті мемлекет құрудағы Конституциялық Соттың рөлі туралы айтты.
Шараның соңында ШҚО бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл және құқықтану кафедрасының сеньор-лекторы Аксана Каленова өз қызметі туралы айтып, қадағалау қызметі мәселелері бойынша облыс прокуратура органдарымен өзара іс-қимылды атап өтті.
– Балалар құқығын қорғау органы ретінде прокуратура институтына жүгіну қажеттілігі туындаған кезде әрқашан жылы ықылас пен жедел реакцияны сезінемін. Жақында ғана балаға физикалық зорлық-зомбылық көрсетілген жағдай болды. Прокуратура жедел әрекет етіп, екі күн ішінде балаға көмек көрсетуге үшін қажетті құжаттарды алдық, – деді Ақсана Каленова.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдумда қабылданды. 2022 жылғы 5 маусымда ҚР Конституциясына түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізілді.