5 сентября 2024


ЕРЛЕР ЕРЛІГІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ШҚУ-да батыр шекарашы кіші сержант Раджан Батырхановтың ерлік жасағынына 30 жыл және Мемлекеттік шекараны күзету барысында қаза тапқан полковник Руслан Әлимолдаұлы Зәкиевке 15 жыл толуына арналған «Жаңа Қазақстанның шекарашы батырлары» атты өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. ҚР ҰҚК ШҚО бойынша Шекара қызметі Департаментінің қызметкерлері мен ЖОО өкілдері баяндама жасады.


-Бүгінгі ғылыми конференцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз – ерлікпен қаза тапқан жолдастарымызды үлгі ете отырып, жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беру, — деді Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі бастығының орынбасары, полковник Серік Рахимов.


Әскери-патриоттық шара батырлардың жеке заттары қойылған көрмеден басталды. Қол компасы, отбасы мұрағатындағы фотосуреттер, бинокль және әскери киім үлгісі қойылған. Көрмеге келушілер өшпес із қалдырған батырлар өмірімен жақын танысуға мүмкіндік алды.


Еске сала кетейік, осыдан 30 жыл бұрын Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыста әскери борышын өтеу кезінде жерлесіміз Шығыс Қазақстанның тумасы, кіші сержант Раджан Батырханов 19 жасында ерлікпен қаза тапқан еді. 1994 жылы 28 қыркүйекте жас шекарашы өз өмірін қия отырып, қарулы содырлардың жолын тоса білді. 200-ден астам қарулы топ Тәжікстанның Хорог қаласы маңындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтіп, Ауғанстанға бет алмақ болған. Оларға Қазақстан мен Ресей шекарашылары бөгет болды. Ұрысқа бірінші болып Раджан Батырханов түсті. Өртті өз кеудесімен жауып, бөліміндегілерге орындарын ауыстырып, моджахедтердің ту сыртынан соққы беруге мүмкіндік жасады. Ұрыс кезінде Раджан ауыр жараланып, ерлікпен қаза тапты. Қазақстандық батыр жауынгерлік борышын өтеп, кепілдегілер босап шықты.


Руслан Закиев те өшпес ерлігімен есте қалды. 2009 жылы қыркүйекте Мемлекеттік шекараны күзету барысында, жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде Леңгір бағытындағы таулы аймақта «Ми-8» тікұшағы Өгем шатқалында апатқа ұшырады. Офицер осы күні әуеде барлау-іздестіру тобымен бірге Қазақстан-Өзбекстан шекарасын күзетіп жүрген еді. Полковник бастаған он әскери қызметші мен оның әріптестері әскери борышын өтеу барысында қаза тапты.


Ғылыми-тәжірибелік конференцияның екінші бөлімі батырлардың өміріне арналған естелік фильмнен басталып, бір минут үнсіздікпен жалғасты.


Пленарлық отырыста Висхор шатқалындағы ұрысқа қатысқан Асқар Қаңтарбаев сол кездегі естеліктермен бөлісті. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры Раушан Нұрбекова, Рыков атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Майгүл Қайсенова, Тәжікстандағы ТМД шекарасын қорғау миссиясының батальон командирі Нығмет Садықов, ҚР ҰҚК ШҚО бойынша шекара қызметі Департаментінің бастығы Серік Бершбаев өз баяндамаларын жасады.


Шара соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырғаны үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары шекара қызметі диекторының грамотасымен ШҚУ ректоры Төлеген Мұхтар Әділбекұлы марапатталды. Өз кезегінде университеттің бірінші жетекшісі ҚР Шекара қызметінің директорының орынбасары Серік Рахимовті «Қабанбай батыр» төсбелгісімен марапаттады.