6 сентября 2024


ТҮРКИЯДАН КЕЛГЕН ҒАЛЫМНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да нанохимия саласының ғалымы, түрік профессоры Бахадир Кескиннің қорытынды семинары өтті. Семинар тыңдаушылары химия кафедрасының оқытушылары мен студенттері болды.

Бахадир Кескин өз баяндамасын макромолекулалар мен наноқұрылымды компоненттерді біріктіретін инновациялық наногибридтік материалдарды әзірлеуге арнады. Бұл материалдар ерекше қасиеттері мен құрылымымен ерекшеленеді.

Сонымен қатар, семинар барысында ғалым металл ауа батареялары, литий күкірт батареялары және басқа да құрылғылар үшін маңызды болуы мүмкін оттекті электрокатализаторлардың үздіксіз дамуына назар аударды. Бұл экологиялық таза болашақты құруға ықпал етеді.

– ШҚУ-дағы тағылымдама барысында мұндағы ғалымдар мен студенттерге өз ғылыми жұмысымды таныстырдым, сондай-ақ университеттің зерттеу жұмыстары туралы көбірек білдім. ШҚУ басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғысымды білдіремін, – деді профессор.

Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Тыңдаушылардың айтуынша, талқыланған тақырыптар химия саласындағы болашақ зерттеулер мен әзірлемелер үшін жаңа идеялар берді.