11 сентября 2024


200-ГЕ ЖУЫҚ ШҚУ БІЛІМ АЛУШЫСЫ «СТУДЕНТТЕР НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ» НАУҚАНЫНА ҚАТЫСТЫ

ШҚУ-да ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірігіп «Студенттер нашақорлыққа қарсы!» атты науқан өтті. Шара аясында ЖОО-ның 200 студенті қатысқан ауқымды би челлендж ұйымдастырылды. Құқыққорғау органдарының қызметкерлері осындай шаралар арқылы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

— Елімізде жыл сайынғы заңсыз есірткі айналымы 20-25 тоннаны құрайды. Осы мәселені шешудің әртүрлі жолдарын қарастырып жатырмыз. Бүгінгі челлендж мақсаты – соңы өкінішке апаратын есірткіге тәуелділік жайлы ақпараттандыру, — деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дәулет Жұмаділов.

Екі жүзге жуық ШҚУ студенті би флешмобының алдында Қазақстан туын, «Есірткісіз өмір» плакатын ұстап шықты. Білім алушылар есірткі қылмысына қарсы екендіктерін осылай көрсетті.

— Қазір әлемде салауатты өмір салтын ұстану, табысқа ұмтылу, дені сау және қаржылай тәуелсіз болу маңызға ие. Кез келген жаман әдетке деген тәуелділік бізді тек артқа тартады. Біздің студенттер қоғамы нашақорлыққа қарсы. Біз тек алға ұмтылуды қолдаймыз, — деді 1 курс студенті Талғат Дарын.

«Денсаулық биін» орындаған жастар эстафетаны Абай облысына жолдады.

Шара соңында ШҚО полиция департаментінің қызметкерлері жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар Қазақстанда есірткімен ұсталған қылмыскерлерге 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұрғанын мәлімдеді.