16 сентября 2024


100 СТУДЕНТ – ПАНКРАТЬЕВ БАҒЫНА 250 КӨШЕТ

Облыс орталығында Панкратьев атындағы бақты көгалдандыру шарасы жүргізілді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті және Жоғары колледжінің 100-ден астам студенті мен оқытушысы 100 түп таңқурай мен қаражидек, «Шукшин естелігі» қарақатының 100 түбін және 60 шырша ағашын отырғызды.

Мәдени-тарихи және экологиялық маңызы бар нысанды қалпына келтіріп, дамыту мақсатында С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры көгалдандыру науқанын ұйымдастырды. Шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев та қатысты.

         Біз қаламыз өмір сүруге жайлы әрі тартымды болуы үшін барлығын жасаймыз. Осы орайда көгалдандыру мен абаттандырудың орны ерекше. Мемлекеттік, жеке меншік ұйымдармен қатар азаматтардың кез келген бастамасын қолдаймыз. Осылайша әркім туған жеріне өз үлесін қоса алады, — деді ШҚО әкімі.

         Панкратьев бағы біздің білім алушылар үшін далалық-оқыту алаңы. Жыл сайын жас биолог мамандар осы жерде тәжірибелік сағаттарын өткізеді. Бақ күтімі ШҚУ үшін үлкен жауапкершілік, сондықтан да біз баққа лайықты күтім жасағымыз келеді, —  деді ШҚУ-дың бірінші жетекшісі Мұхтар Төлеген.

15 гектар аумаққа «Шукшин естелігі» деп аталатын қарақат түптері отырғызылды. ШҚУ биология кафедрасының оқытушыларының айтуынша, бұл сорт өзінің ірі көлемімен, тез пісетінімен және мол өнім беруімен ерекшеленеді.

Сонымен қатар, бірнеше онжылдықтардан кейін бақты жайқалған шыршалар әсемдемек. Бұл қылқан жапырақты ағаштар топырақты құнарландырып, эрозияны болдырмай, ауа сапасын да жақсартады

Игі бастамаға ЖОО студенттері белсене қатысты. Олардың айтуынша, баққа отырғызылған көшеттер Қазақстан жастарының символы.

Көгалдандыру шарасына ШҚУ серіктестері Түркия, Корея, Тәжікстан, Венгрия елінің профессорылары қатысты. Айтулы күннің құрметіне түрік тілінің оқытушысы Садуллах Думан Ермек Көшербаевқа қазақ ақыны Өтебай Тұрманжановтың тілдік зерттеуі жайлы кітабының түрік тіліндегі аудармасын, ал студенттер бақтан жиналған алма толы себет сыйлады.

Эко-шара дарынды жастардың әншашуымен, өлең-сөз оқуымен, спорттық  жарыстармен және ыстық палау әзірлемен аяқталды. Осы орайда жас көшеттерге Amanzholov Univetsity лентасы байланды.

Еске салайық, Панкратьев бағы – кәсіби бағбан Дмитрий Гордеевич Панкратьевтің есімімен аталған Өскемен қаласының тарихи ескерткіші. Ол ХХ ғасырда саябақ салып, бау-бақша өсірумен айналысты. Ұлы Отан соғысы кезінде тұрғындарды көшет пен көкеністермен қамтамасыз еткен гидроқұрылысшылар кентін көгалдандырды.

 

Бақ таңқурай, қарақат, жеміс ағаштары сорттарының көптүрлі плантациясымен ғана емес, қызыл кітапқа енген шөптерімен танымал.