19 сентября 2024
ТҮРКИЯЛЫҚ ҒАЛЫМ: БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
Педагогикалық ғылымдар және материалтану бағытының маманы 40 жылдық жұмыс-тәжірибесі бар техника ғылымдарының докторы, профессор Али Чорух екінші мәрте ШҚУ-ға білім алмасуға келді. Түрік ғалымы Сакарья Мемлекеттік университетінің беделді ғылыми қызметкері. 26 ғылыми мақаланың авторы. «Трибологияның физикалық негіздерін оқыту моделін зерттеу және әзірлеу» мақаласының авторы және трибологияның физикалық негіздерінен тереңінен зерттеуші ғалым. 40 жылдық тәжірибесін ШҚУ «Беттік инженерия және трибология» ғылыми орталығында студенттер мен оқытушылық құрамға бөлісуде. Студенттерге, магистранттарға шет елдің тәжірибесін өз оқу орындарында алу үлкен мүмкіндіктерге жол ашуда.
Конденсацияланған қатты денелердің магниттік қасиеттері, атомдық малекулалық және оптикалық физика, статистикалық физика және термодинамика, сондай-ақ кристалдардың құрылымы тақырыптарында ғылыми еңбектер жазған.
— Университеттің ғылымға ден қойғаны, жастарды, мектеп түлектерін ғылымға ынталандыруға жол ашады. Ғылымы дамыған ел экономикасын да көтереді және өнеркәсібі дамиды. Отандық өнімдердің сапасы артады. Білім алушылар шетел ғалымдарының білім беру саласындағы сандық технологияларға деген көзқарасын, тың жаңалықтарын білуге құштар. ШҚУ-дың ғылыми орталығында дәріс, зертханада іс-тәжірибе көрсетуге де барлық жағдай жасалған, — деді профессор Али Чорух.
Ғылыми қызметкерлер, оқытушылар және «Физика», Физика-Информатика», «Қолданбалы физика, наноматериалдар және инновация», «Ядролық физика және атом», «Материалдарды өңдеудегі және машина жасаудағы бағдарламалау және аппараттар» білім беру бағдарламасының білім алушылары бір ай бойы профессор Али Чорухтың «Білім беру саласындағы сандық технологиялар» тақырыбындағы дәрістерін тыңдайды.
Технология ғылымдарының докторы Али Чорух С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да жыл өткен сайын ғылыми орталық жұмысы жанданып, көптеген ғылыми жетістіктерге жетіп жатқанын атап өтті. Болашақта С.Аманжолов атындағы ШҚУ мен Сакарья Мемлекеттік университетінің серіктестігі нығая беруге тілектестік білдірді.