20 сентября 2024
ШҚУ-ДА КУРАТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да кураторлар кеңесінің отырысы өтті. Жиын мақсаты — академиялық топ кураторларына әдістемелік және ақпараттық көмек көрсету. Кеңес отырысында алдағы жарты жылдықта өткізілетін кураторлық сағаттар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы, қауіпсіздік ережелері, атом электр станциясын салудың артықшылығы түсіндіріліп, сұрақтарға жауап берілді. Өткен оқу жылындағы студенттердің тәрбие жұмысы мен әлеуметтік мәселелеріне талдау жасалынды.
Студенттерді тәрбие ісіне тарту, қоғамдық шараларға қатыстыру мақсатында мерейтойларға байланысты әдеби кештер, мемлекеттік мерекелерге орай кураторлық сағаттарын өткізу жоспарланды.
— Кураторларды студенттердің сабақ үлгерімінен бөлек әлеуметтік жағдайынан хабардар болып отыруға шақырамыз. Олар бос уақыттарын зая кетірмес үшін әртүрлі шаралар, кураторлық сағаттар ұйымдастыруға тапсырма берілді. Бұдан бөлек, биылғы жылдың ең өзекті тақырыбы — АЭС құрылысы. Әр білім алушы 6 қазан күні азаматтық пікірін білдіріп, референдумның нәтижесіне үн қосқаны жөн. Ал АЭС салуын қолдау немесе қарсылық білдіру әр студенттің өз таңдауы, — деді тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Жанетта Калимолдина.
Учаскелік инспектор Бейбіт Иксанов, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция инспекторы Динара Мырзабекқызы құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға қайшы әрекеттерден сақтандыру бойынша кеңес беру дәрісін оқып, кураторлардың сұрақтарына жауап берді.
— Жатақхана студенттері ішкі тәртіпті сақтап, бекітілген ережелерді ұстануы үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз үнемі студенттердің тәрбие жұмысына және әлеуметтік мәселелеріне мониторинг жасаймыз. Тәртіп бұзушылық болған жағдайда бірден тиісті шаралар қолданылады, — деді учаскелік инспектор Бейбіт Иксанов.
Шара соңында кураторларды ақпараттандыру мақсатында жадынамалар таратылды. Сондай-ақ заман талабына сай білім беруде тәрбие ісіне белсене қатысып, өз міндетін жоғары деңгейде атқарғаны үшін үздік кураторлар марапатталды.