24 сентября 2024


ШҚУ-ДА БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

Бүгін ШҚУ-да Бала құқығын қорғау жөніндегі жобалық кеңсесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шара әрі қарай  “Шығыс Қазақстан облысында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл мәселесі” тақырыбындағы дөңгелек үстелмен жалғасты.

Жобалық кеңсенің ашылу салтанатында С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген құттықтау сөз сөйлеп, бала құқығын қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана міндетті емес, барлығымызға ортақ мүдде екенін атап өтті.  Жобалық кеңсе тек кеңес берумен ғана емес, мектептерді ғылыми-әдістемемен қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Толығырақ тоқталсақ, жобалық кеңсенің мақсаты балалардың құқықтарын қорғау жөнінде заңгерлік кеңес беру, семинарлар, қашықтықтан курстар, психологиялық тренингтер өткізу. Білім беру ұйымындағы 18 жасқа толмаған балаларға қатысты девиантты мінез-құлқының алдын алу, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауға қатысты ғылыми-әдістеме дайындау.

— Балаларды қорғау жобалық кеңсесінде «құқықтану» БББ студенттері тұрғындарға заң және психологиялық тұрғыдан тегін көмек береді. Осы уақытқа дейін студенттер, магистрантармен бірлесіп қиын жағдайға тап болған әйелге заң тұрғысынан көмек көрсеттік. Білм алушылар істі қалай жүргізу керектігі жөнінде кеңес беріп, ана мен бала өзіне тиесілі көмекті алуына ықпал етті, — деді ШҚО Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Аксана Каленова.

Дөңгелек үстелде «Ана Үйі», «Jan ana», «Әлеуметтік калькулятор» және «Әлеуметтік қажеттіліктер картасы» жобалары, Шығыс Қазақстан облысындағы балалар-жасөспірімдер спорт секциялары, ШҚО өңірлік психологиялық қолдау орталығы жұмысы туралы кеңінен ақпарат берілді.

— Өзім С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да білім алдым. Осы уақытқа дейін университетте өте білікті мамандар сабақ беретінін мақтана айтамын. Қазір қызметте жүрген бастықтар, прокурорлар осы жерде білім алған, менің курстастарым. Балалармен жұмыс істеуде міндетті түрде психологтың көмегі керек. Осы ретте ШҚУ даярлаған мамандар сұранысқа ие, — деді ШҚО кәмелетке толмағандар соты жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Сания Тутканбаева.

Шара соңында ШҚО Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілінің және өңірлік психологиялық қолдау орталығының ынтымақтастық туралы Меморандумына қол қойылды.