30 сентября 2024


ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША СЕМИНАР: ЖАҢА ТӘСІЛДЕР ЖӘНЕ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ

«Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова мен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессорлары Юлия Кукина мен Қымбат Қанапиянова  «Мектеп-интернаттың ішкі міндеттерін шешудегі сыртқы байланыстардың рөлі» тақырыбында семинар-практикумға қатысты. Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы  Білім басқармасының № 1 арнайы мектеп-интернатында өтіп, оған білім беру ұйымдарының әдіскерлері, педагогтары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Семинар барысында № 1 Арнайы мектеп-интернатының педагогтары директор Анара Жүнісованың жетекшілігімен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту және тәрбиелеу бойынша мектептің жұмыс тәжірибесін ұсынды. Қатысушылар сыртқы байланыстар мен әлеуметтік серіктестік арқылы оқушыларды әлеуметтендіру, кәсіптік бағдарлау және өзін-өзі жүзеге асыру әдістерімен танысты.

-Біз көп пайдалы нәрсені үйрендік. Осы мазмұнды семинар-практикумды ұйымдастырғаны үшін   «Örken» атты Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-әдістемелік ақпараттандыру және білімді дамыту орталығына алғысымызды білдіреміз, — деп атап өтті «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова.

Айта кету керек,  С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген осы салаға елеулі ресурстар сала отырып, арнайы және инклюзивті педагогиканы дамытуға баса назар аударады.

Бұл семинар арнайы білім беру саласында тәжірибе алмасу мен серіктестікті нығайту үшін маңызды, сонымен қатар біздің өңірдегі ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру қызметтерінің жақсаруына ықпал етеді.