30 сентября 2024


ТРИО «ГАЛАТЕЯ»: ШҚУ ТҮЛЕГІ ПИАНИСТ ОЛЖАН ҚОСТУБАЕВ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың түлегі дарынды пианист Олжан Қостубаев ШҚУ  Педагогика жоғары мектебі Музыкалық білім беру кафедрасы және №1 балалар музыкалық мектебінің серіктестігі аясында шетелдегі достарымен бірге халықаралық деңгейдегі концерт ұсынды.

Кеш барысында Сергей Рахманиновтың фортепиано, скрипка және виолончельге арнап жазған классикалық туындыларын орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасында оқыған Олжан ағылшын тілін жоғары деңгейде үйреніп, қосымша неміс тілін де меңгерген. Өзі оқыған ЖОО-ға құрметі ретінде Халықаралық байқаулардың лауреаты германиялық скрипкашы Хенрике Бликслагер және виолончельші Леонард Кюлие есімді достарымен келіп, музыкалық мектептің мұғалімдеріне, оқушыларына және «Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының студентеріне әлемдік деңгейді шығармаларды тарту етті.

— Мен өзім білім алған ЖОО-ның оқытушыларымен, студенттерімен тағы да кездескеніме қуаныштымын. ШҚУ маған тек жақсы білім ғана емес, зор мүмкіндіктер ашты. Бүгінгі концерт көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлады деген үміттемін, — деді ШҚУ түлегі Олжан Қостубаев.

Екі ел арасын музыка өнерімен байланыстырып отырған ШҚУ түлегі Олжан Қостубаев Қазақстанның бірнеше қаласында концерттерін беруде.

—           ШҚУ-да білім алған пианист және германиялық музыканттармен құрылған трио «Галатеяның» концерті ұнады. Класиикалық әуенмен тынығып, музыкаға деген құлшынысым арта түсті. Болашақта мен де шетелде білімімді шыңдап, елге орылғым келеді. Фортепиано, домбыра, баян аспаптарында ойнауды үйреніп жатырмын, — деді ШҚУ студенті Қайрат Мансұр

Гете институтының 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан шара соңында оқушылар, студенттер ШҚУ түлегіне сұрақтарын қойып, еркін форматта сұхбаттасты.